Райымбек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Райымбек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
Сурет:Gov.kz.

Бұл - өңірдегі ең іргелі әрі жалғыз кешен.

 Елбасының 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы тапсырмасына сәйкес, және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шекаралық аймақ Райымбек ауданында заманауи спорт кешені ашылды. Нысанды салуға және материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нарынқол ауылында салынған бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені – елді мекендегі ең іргелі спорттық нысан. Кешенде спорттық ойын түрлеріне, күрес, бокс, үстел теннисіне арналған залдар және тренажерлық зал бар.

 Сонымен қатар киім шешетін бөлме, буфет, гардероб, кең асхана, медициналық және массаж кабинеттері, демалыс бөлмесі, әкімшілік кабинеттері, мәжіліс залы да қарастырылған. Көрермен трибунасы 180 орынға арналған. Аулада волейбол алаңы, ашық футбол алаңы бар, мұнда жазды күндері спортшылар таза ауада жаттығады. Балаларды тәжірибелі спортшылар жаттықтырады. Республикалық және халықаралық жарыстарда облыстың намысын қорғаған, соның ішінде Райымбек ауданынан шыққан атақты чемпиондардың қатысуымен шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған.

Ғимараттың жалпы алаңы 4,8 мың шаршы метр, маңайына бейнебақылау орнатылған.

Құрылыстың бас мердігер мекемесі «Фуд МС»ЖШС болды. Авторлық және техникалық қадағалауды «Сартөбе» ЖШС мен «Геодезия Сервис» ЖШС мамандары жүргізді. Құрылыс жұмыстарына барлық сатыда тапсырыс беруші ретінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бақылау жасады.