Алматыда жартылай марафон өтеді

Алматыда жартылай марафон өтеді
Сурет: 24.kz

Жарыс өтетін күні қаланың автожолдары жабылады.

2021 жылдың 20 маусымында спортсүйер қауым үшін Алматыда үлкен жүгіру жарысы — Алматы жартылай марафоны өтеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Қатысушылар қаланың басты көшелерімен жүгіріп өтеді. Марафон әл-Фараби даңғылындағ Тұңғыш Президент саябағының жанында басталып, Абай даңғылындағы орталық стадионда мәреге жетеді.

Қатысушылар мына қашықтықтардың біріне жүгіре алады:

  • Жартылай марафон 21,1 км,
  • Жүгіру 10 км,
  • Скандинавиялық жүріс 10 км,
  • Экиден командалық эстафетасы — 21,1 км жалпы қашықтық 4 қатысушы арасында бөлінеді.

«Біз іс-шараны өткізуге ресми рұқсат алдық. Менің ойымша, бұл тек біздің қор үшін ғана емес, еліміздің жүгірушілер қоғамдастығы үшін үлкен жеңіс. Біз қалада жүгірістерді ұзақ уақыт бойы өткізе алмадық. Өткен жылы Алматы жартылай марафоны онлайн режимінде өтті, оның үстіне жақында «Алматы марафонын» күзге ауыстыруға тура келді, себебі оған 17 мың адам қатысуы керек еді. Алайда, жартылай марафон үлкен бұқаралық оқиға болмағандықтан, қазір өткіземіз деп шештік. Сонымен қатар карантин кезінде старттарды өткізу бойынша тәжірибеміз бар және ұйымдастыру кезінде қандай нәрселерге назар аудару керектігін, спортшылардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуді білеміз", — дейді «Бірінші болу - батылдық» корпоративтік қорының директоры Салтанат Қазыбаева.