Президент Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті

Президент Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті
Сурет: Ақорда кz

 Кездесу барысында америкалық қаржы холдингінің еліміздегі қызмет аясын кеңейту перспективалары талқыланды.

Еліміздегі бірден-бір америкалық банк саналатын Citibank Kazakhstan – халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

 Мемлекет басшысы жуырда жариялаған Қазақстан халқына Жолдауы аясында Үкіметке осы саладағы бәсекелестікті арттыру үшін елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту міндетін жүктегенін атап өтті.

 Президент Астана халықаралық қаржы орталығының жаһандық инвесторлармен байланысын қамтамасыз ету және қаржы секторының цифрлық трансформациясын дамытуға атсалысу ісіндегі Citigroup компаниясының маңызды рөлін оң бағалады.

 Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобаны қаржыландыруға ниет білдіріп отырған Citigroup холдингінің алдағы жоспарын қолдайтынын айтты.   Сонымен қатар әңгімелесу барысында макроэкономикалық болжамдар мен әлемдік қаржы нарығындағы негізгі үрдістер талқыланды.

 Кездесу аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен Citibank арасында Wabtec локомотивтерін сатып алу үшін қаржыландыруды ұйымдастырудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды.