Өз-өзіне қол салу өршіп тұр

Өз-өзіне қол салу өршіп тұр
turkystan.kz

Өз-өзіне қол салмақ болған азаматтарымыздың бейнежазбаларын әлеуметтік желілерде жиі көретін болдық. Бұл - өте қорқынышты жағдай. Қазақстанда соңғы жылдары суицид мәселесі ушығып барады.

Статистика көңіл көншітпей тұр. Ресми деректерге сүйенсек, 2018 жылы елімізде өз-өзіне қол салғандар саны 3542, ал 2019 жылы 3805 адам болған. 2021 жылдың алғашқы 3 айының өзінде 834 адам суицидке барған. Оның 53-і жасөспірімдер. Бұл сан былтырғы көрсеткіштен 15% жоғары. Қазақстан суицид статистикасы жоғары елдердің қатарында алғашқы үштікке енген. Бұл мәселе жалпы әлем елдерін де алаңдатып отыр. ДДҰ айтуынша, жылына 700 мыңнан астам адам өз-өзіне қол салады. Яғни суицид - жаман аурулардан кейін өлімге алып келетін негізгі себептердің бірі. Сонымен қатар, 15-29 жас арасындағы адамдардың өмірден өтуіне себепші болатын мәселелердің қатарында 4-ші тұр.

Суицидтің алдын алу үшін, оған итермелейтін себептерді білгеніміз жөн. ДДҰ мәліметінше, бұл мәселеде табысы төмен не орташа елдердің үлесі 77% құрайды. Демек, адамдардың тұрмыстық жағдайы суицид мәселесіне тікелей әсер етеді. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, өткен жылдың алғашқы 3 айында елімізде 29 адам төмен жағдайы мен қарыздарының кесірінен, 5 адам тұрғын-үй мәселесінен, 1 адам әлеуметтік статусын жоғалтуына байланысты мұндай қадамға барған. Тағы 253 адамның себебі белгісіз саналады. Олардың ішінде де банк алдындағы несиесін төлей алмай, жұмыссыз қалғандықтан, өз-өзіне қол салғандар болуы мүмкін.

Бұл статистиканың төмендеуі үшін, жалпы мемлекетіміздің экономикалық жағдайы мен ЖІӨ өсу керек екені түсінікті. Дегенмен, әлеуметтік жағынан қамтылмаған, қоғамның көмекке ең мұқтаж сатыларына аса мұқияттылықпен қарағанымыз жөн. Қазіргі кезде көптеген құрылымдар қайта қаралып, елімізде үлкен өзгерістер орын алуда. Соны пайдалана отырып, мемлекеттік көмек діттеген жеріне жетіп жатқанына көз жеткізуіміз керек. Әлеуметтік және саяси институттардың да жұмысына кедергі жасамай, қолдау білдірсек, оның да бұл мәселеге оң әсер етері сөзсіз.

Құқықтық статистика комитеті суицидтің өзге себептеріне жалғыздық пен психикалық проблемаларды және қарым-қатынас мәселелерін жатқызған. Әсіресе, жасөспірімдер арасында отбасындағы ұрыс-керістен, қоғамдық ортада өз орнын таба алмаудан бұл қадамға бару себептері көп екен. Осы күні сансыз ақпараттың ой-санасы толық бекімеген балалардың психологиясына әсер ететіні де бәрімізге белгілі. Өзгенің жақсы жағдайы мен жетістігін көрген бала өзін төмен сезініп, иығына ауырлық түседі. Сол сәтте ештеңе өзгерте алмасын біліп, шарасыздық сезінген балалар қате қадамға барып жатады. Оның алдын алып, болдырмас үшін қоғамдағы психологтардың рөлін арттыру керек. Бұрыңғының түсінігімен «ішкі проблемаңды өзгеге айту ұят» деген ойдан арылуға жұмыс істеп, 1414 секілді байланыс орталықтарына сенімді жоғарылату керек. Мектептердегі психологтарға дәл мұғалімдердің жұмысындай талап қойып, жауапкершілікпен қарауды ұсынамыз.

Айта кеткен жөн, Қазақстанда жиі жасалатын қылмыстардың қатарына суицидке апару 4-ші тұр. Бұл да назар аударарлық мәселе. Біздің азаматтарымыз өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін толық түсіне бермейді. Осы бағытта мемлекеттік деңгейде ғана емес, адам ретінде әр азаматымызға өзіндік үлесін қосуға шақырамыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу үшін келесі шараларды ұсынады:

  • өзіне-өзі қол жұмсау құралдарына қол жеткізуді шектеу (мысалы, пестицидтер, оқ, қару, арнайы дәрі-дәрмектер және т.б.);
  • өз-өзіне қол жұмсаудың зардабын көрсету үшін бұқаралық ақпарат құралдарымен тікелей жұмыс істеу;
  • жасөспірімдерде ой-санасының дұрыс қалыптасуы жолында іс-әрекеттер жасау;
  • мінез-құлықтың суицидтік түрінен зардап шегетін барлық адамдарды анықтау, тексеру, басқару және қадағалау.

Осы шаралармен қатар, келесі міндеттер жүзеге асырылуы тиіс: қоғамдық жағдайды қадағалау, ведомствоаралық ынтымақтастық, ақ- параттандыруды арттыру, әлеуетті арттыру, қаржыландыру, мониторинг пен нақты іс-шаралар қабылдау.

Соңғы жылдары суицид мәселесі жиі талқыланып жүр. Алайда, әлі күнге дейін нақты қадамдар жасалмады. Статистика теріс жаққа қарай өсуде. Халқы аз, өзі үлкен мемлекетіміздің бұл мәселеге енді үстіртін қарауына болмайды