Отандық телеарна ағылшын тілінде хабар тарата бастады

Отандық телеарна ағылшын тілінде хабар тарата бастады
Сурет: Jjtv.kz

Silk Way телеарнасында ағылшын тілінде New Time жаңалықтар қызметі өз жұмысын бастады.

Ағылшын тіліндегі жаңа ақпараттық-сараптамалық бағдарлама әлемнің 118 еліндегі халықаралық аудиторияға арналған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«New Time бағдарламасының контенті шетелдік көрермендердің Орталық Азияда болып жатқан оқиғаларға деген қызығушылығының артуына байланысты жасақталды. Қазір қарқынды дамып келе жатқан бұл өңірге әлемдік аудиторияның назары ауып отыр. Silk Way арнасындағы New Time эфирінде біз көпшілік көрерменге Қазақстан мен Орталық Азиядағы өзекті саяси, экономикалық, мәдени және спорт жаңалықтарын ұсынамыз. Бұдан басқа қазақстандық және халықаралық сарапшылардың арнайы шолуын әзірлейміз», — деді Президент ТРК басқарушы директоры Еркежан Күнтуған.

New Time — Jibek Joly телеарнасынан көрсетілетін «Жаңа Уақыт» және «Новое Время» ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларының ағылшын тіліндегі нұсқасы.

Жаңалықтардың жүргізушісі — Айнұр Иманғали әлемге әйгілі «BBC Scotland», «Джорджия университеті» және Deutsche Welle сияқты медиакомпанияларда тәжірибеден өткен.

Ол сондай-ақ, Президент ТРК жетекші мамандарымен бірге Астанадағы MNU университеті жанындағы халықаралық журналистика мектебінде студенттерге дәріс оқиды.

Silk Way арнасындағы жаңа бағдарламаны көрермендер апта сайын әр жұма күні Астана уақытымен түнгі сағата 00:00 көре алады. Ал Қазақстанда бағдарлама телеарнаның сайты мен әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетіледі.

Silk Way — әлемнің 118 еліне ағылшын тілімен қоса 5 тілде хабар тарататын Қазақстандағы алғашқы ұлттық спутниктік телеарна. Ол ҚР Президенті Телерадиокешенінің құрылымына кіреді.

Арнаның контенті 100% отандық телеөнімдерден тұрады.