ОСК «Байтақтың» партиялық тізімін тіркеді

ОСК «Байтақтың» партиялық тізімін тіркеді
Сурет: Мassaget.kz

Партиялық тізімде 18 үміткер бар. 

ОСК «Байтақ» партиясынан Мәжіліс сайлауына қатысатын кандидаттардың тізімін тіркеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

"Байтақ" жасылдар партиясы 18 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынды. Оның ішінде 7 кандидат – әйелдер, жастар мен мүгедектер. Бұл тізімдегі кандидаттардың жалпы санының 38,9%-ын құрайды. ОСК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаттары болып сайлану үшін тізімге енгізілген тұлғалардың сәйкестігіне тексеру жүргізді. Партиялық тізімдегі барлық адам Конституция мен "Сайлау туралы" Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді", - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.

ОСК мүшелері тиісті қаулы қабылдады.

Сәбила Мұстафина партия тізімге енгізілген әрбір кандидаттың сайлау жарнасын төлейтінін атап өтті. Оның мөлшері – 1 млн 50 мың теңге. Парламент Мәжілісі депутаттарының алдыңғы сайлауында дауыс берушілердің 5% және одан да көп дауысын жинаған саяси партиялар сайлау жарнасын төлемейді.

"2021 жылғы қаңтарда Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына "Байтақ" партиясы қатыспады. Сол себепті бұл партия партиялық тізімге енгізілген 18 үміткер үшін 18 млн 900 мың теңге көлемінде сайлау жарнасын төледі", - деп қорытындылады спикер.