Осы жылдың басынан бері 603 алматылық жаңа мамандықты игерген

Осы жылдың басынан бері 603 алматылық жаңа мамандықты игерген
Сурет: Blog.okcs.com

Сертификат алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасады.

Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарты жылда 603 алматылық оқу курстарынан өткен. Жоспар бойынша биыл 1000 адамды оқыту керек, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Курстың ұзақтығы үш ай. Осы уақытта өндірістік тәжірибеден өтіп, өздерін жақсы қырынан көрсетуге де мүмкіндік алған. Сондай-ақ, балалары бар аналар үшін арнайы жағдай жасалған. Орталықта оларға ағылшін тілі, математика, шахмат сыныптары ұйымдастырылады.

«Бізде оқыту курстарынан өткендердің барлығы жұмысқа орналасады деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені оларды мықты түрік аспазы оқытып жатыр. Қазірдің өзінде белді мейрамханалардың аспазшылары оларға қызығушылық танытып, жұмысқа алуға дайын отыр», – деді оқу орталығының басшысы Бибінұр Шералиева.

«Еңбек» бағдарламасына қатысқысы келетіндер жұмыспен қамту орталығына барып, «жұмыссыз» статусын иеленіп, ниетін білдірсе, жеткілікті. Бүгінде 41 мамандық бойынша оқыту курстары бар, ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейін. Қатысушыларға 20 мың 949 теңге көлемінде шәкіртақы төленеді. Курс аяқталған соң кәсіби біліктілікті арттыру туралы сертификат беріледі.

«Сертификат алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасады немесе өзінің бизнес жоспарын қорғап, 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант ұтып алуға мүмкіндігі бар. Біз әр адамды жеке бақылап отырамыз. Сондай-ақ, оқыту орталықтарының жұмысының дұрыс ұйымдастырылуын да бақылап отырамыз», – деді Жұмыспен қамту орталығы уақытша жұмыс орындары бөлімінің басшысы Гауһар Әуелова.