Тәжікстан Қазақстанға беретін су деңгейін ұлғайтты

Тәжікстан Қазақстанға беретін су деңгейін ұлғайтты
Сурет: Openpr.com

Қазақстан жағы Тәжікстан тарапына алғыс білдірді.

Қазақстан мен Тәжікстан үкіметінің мүшелері арнайы кездесіп, екі елдің су шаруашылығының мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Қазақстандық тарап Бахри-Точик су қоймасынан су тастауды ұлғайтқаны үшін тәжік тарапына алғыс білдірді. Мәселен, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін сумен қамтамасыз ету мақсатында «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су беру 80 м3/с-нан 100 м3/с-қа дейін ұлғайтылды»,– делінген Экология, геология және табиғы ресурстар министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының Премьер-Министрлері телефон арқылы сөйлесу қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, 26 шілдеде Душанбе қаласында Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзум Мырзағалиевтің Тәжікстан Республикасының Энергетика және су шаруашылығы министрі Далер Джумамен екіжақты кездесуі өткен.

Тараптар Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысындағы су шаруашылығы жағдайын жақсарту жөніндегі бірлескен шараларды жалғастыруға келісті.