Оңтүстік өңірлерде аяз күшейеді

Оңтүстік өңірлерде аяз күшейеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Солтүстікте, керісінше, аяздың беті қайта бастайды.

Синоптиктер 12-14 қаңтарға арналған ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қазгидромет» РМК таратқан ақпаратқа сүйенсек, оңтүстікте аяз күшейіп, солтүстікте, керісінше, аяздың беті қайта бастайды.

«Суық арктикалық антициклон траекториясын республиканың шығыс, оңтүстік өңірлеріне бағыттайды, сол себептен жауын-шашынсыз аязды ауа райы болжанады, тек республиканың солтүстік жартысында атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен қар, жаяу бұрқасын күтіледі», - деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК.

Синоптиктердің болжамынша, республиканың солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында тұман түседі.

Ауа температурасы еліміздің батысында түнде 15-30 аяздан 7-20 аязға дейін, солтүстік-батыста 20-28 аяздан 13-22 аязға дейін, республиканың солтүстігінде 20-35 аяздан 13-26 аязға дейін, орталықта 30-41 аяздан 17-25 аязға дейін, шығыста 32-43 аяздан 20-30 аязға дейін төмендейді:

«Оңтүстікте температураның негізгі фоны 22-31 аяз, оңтүстік-шығысында 20-33 аяздан 23-36 аязға дейін төмендейді», - делінген «Қазгидромет» РМК таратқан ақпаратта.