Нотр-Дам шіркеуін ұшақпен қиратпақ болған адам ұсталды

Нотр-Дам шіркеуін ұшақпен қиратпақ болған адам ұсталды
Cурет: paris-life.info

Тұтқындау операциясы Парижде 7 қазан күні өткізілген.

Париж полициясы Нотр-Дам шіркеуі ғимаратын ұшақпен соқпақ болды деген күдікпен бұрынғы азаматтық авиация ұшқышын тұтқындады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Бұл туралы сенбі күні кешкісін CNews телеарнасы полициядан алған деректерге сілтеме жасап хабарлады.

Тұтқындау операциясы Парижде 7 қазан күні өткізілген. Air Liberty, Air Tahiti және Royal Fly әуе компанияларының бұрынғы ұшқышының туыстары полицияға хабар берген. 50 жастағы ер адам күйзеліске ұшырап, «таяу уақытта ұшақпен Нотр-Дамға бұзып кіретінін» өзі хабарлаған. 

Елдің оңтүстік-батысында, Андай қаласында Испаниямен шекараға жақын маңда тұрып келген оның Cessna жеңіл туристік ұшағы болған. Полицияға хабар берген туысы бұрынғы ұшқыштың психикалық жағдайы ауыр екенін айтқан. Андай қаласының полициясы бұл деректі шұғыл түрде Парижге жіберген. Бұрынғы ұшқыш Франция астанасынан ұялы телефонындағы геолокацияның арқасында табылған. Ол ішімдік ішіп, Нотр-Дамдағы өрттен кейін оның функциясын атқарып жатқан Сан-Сюльпис соборына жақын жерде жүрген. 

Le Figaro газетінің мәліметінше, Париж полициясы таяу уақытта ұсталушымен психиатриялық сараптама жүргізеді.