Музей – білгенге маржан мұра

Музей – білгенге маржан мұра
Cурет: Almaty-akshamy.kz

 «Алматы қаласының музейлер бірлестігінің» мұрындық болуымен қала бойынша іс-шара ұйымдастырылған болатын.

«Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» басшылығының шақыртуымен барып қатысқан едік.

Атаулы шараға түрлі өнерпаз, қолөнер шеберлері, ғалымдар, жастар атсалысты. Арнау оқылды, домбыра шертілді, Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Осы сәтті пайдаланып, «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі» меңгерушісі, ахметтанушы Әділет Ахметұлымен тілдескен болатынбыз.

–  Музей түні туралы айтып беріңіз?

– 18 мамыр - Халықаралық музейлер күні. 1978 жылдан бастап барлық елдердің музей қызметкерлері 18 мамыр күні өздерінің кәсіби мерекесі - Халықаралық музейлер күнін атап өтеді. Мереке ресми түрде алғаш рет 1977 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітілді. Бірінші болып түнгі мезгілде 1997 жылы Германия музейлері келушілерге өз есіктерін ашты. 2005  жылы Еуропа Кеңесі «Музей түні» туралы  ұсынысты бекітті. 2006 жылы әлемнің 38 елінің 2 мыңнан астам музейлері «Музей түні» жобасының қатысушылары болды. Сол жылы «Музей түні» халықаралық акциясына Қазақстан да қосылды. Міне, содан бері Қазақстандағы музейлер әр жылдың 18 мамырын Ашық есік күні деп жариялап, сол күні кешкі уақытта «Музей түні» аясында бай мазмұнды іс-шаралар өткізіп келеді.

Музей түнін өткізудің мақсаты не?

– Музей түнін өткізу мақсаты – әрине, музейлердегі жәдігерлерді жұртқұа таныстыру, насихаттау екені белгілі. Музей - өткен тарихтың бейнесі. Өткен тарихты кітаптан оқу, теледидардан, интернеттен қарап танысу өз алдына, ал сол тарихтың куәсіндей жәдігерлерді көзбен көріп, қолмен ұстаудың адамға берер сезімі бөлек. Ал музейлерде тұрған екінің бірінің қолы жете бермейтін құнды мұраларды көрерменге тегін көрсетуге орай жаратудың маңызы зор. Әсіресе, мұндай орайды өзге күн емес, музейлерге арналған мереке күнінде жаратудың мәні бөлек. Қала өміріндегі қарбаластықтан музейге кіруге мүмкіндік таба алмай жүрген адамдарға кешкі уақытта музейлерді тегін аралап қайтуына мүмкіндік тудырудың құндылығы осында. Түнде музейлерді аралау арқылы өзіміз өмір сүріп жатқан мекеннің немесе сапарлап барған қаланың не ауылдың өткен тарихының бет-бейнесін көріп, көптеген әсер алуға болады. Адамдардың танымы артып, тарихтан тағылым алуына да жол ашылады. «Музей түні» атты ұғым қазіргі таңда ел азаматтарының да санасына сіңе бастады. Адамдар сол күні мерекелік көңіл-күймен музейлерді аралап шығады. Биылғы музей түнінде де келушілердің қатары ерекше мол болғаны соның айғағы болса керек.

– Ахаңды жас ұрпаққа қалай таныстыра алып жүрміз?

– Ахмет Байтұрсынұлы - сан қырлы ғалым. Сіз қызмет істеп жүрген «Алматы ақшамы» газетінде өткен жылы «Ахаң - ғаламдық деңгейдегі ғалым» атты сұхбатымыз шыққан еді. Еліміздің халқы Ахаңды өз деңгейінде танып үлгірген жоқ. Себебі ғалым атылып кеткеннен кейін жарты ғасыр бойы ақталмай, қара тізімде жатты. Тәуелсіздік алғалы бері ғана Ахаң бастаған Алаш көшбасшылары зерделеніп келеді. Дегенмен, жастардың санасына Ахаңның болмысы бөлек тұлғасын әлі толық сіңіре алмадық. Алаш арыстарына арналған көптеген іс-шараларға барғанда, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізгенде соны сезініп, қарнымыз ашып қалады. Сан қырлы адамды толық таныту үшін сан салалы жұмыс атқарылуы керек. Ахаңның мұражай үйі бұған дейін мемлекеттік маңызы бар, тарихи тұлға атындағы үй болып тіркелгенімен, толықтай мемлекеттің қарауына өткені ғалымның 150 жылдық мерейтойының қарсаңы еді. Яғни Ахаң үйі Алматы қалалық музейлер бірлестігіндегі сегіз музейдің бірі болғанына да екі жыл толған жоқ. Ахаң мұрасын, Алаш мұрасын зерттеп, зерделеп, насихаттап жүрген ғалымдар, қайраткерлер баршылық. Дегенмен, жас ұрпақ санасына Ұлт ұстазын сіңірудің ұтымды жұмыстарының аяқ алысы көңіл көншітпейтінін жасырудың қажеті жоқ. «Орнында бар оңалар» дегендей, Ахаңның соңғы сапарға аттанғанша отырған үйі орнында қалды. Бір ғана осы үйге келіп тағзым жасап, Ахаң мұраларымен танысып қайтқан оқушылардың өзі көп білім алып қайтары даусыз. Жинақтай келгенде, Ахаңның алуан қырын оқулықтан, мектептен, кинодан, өзге де кітаптардан танумен қоса, музей-үйіне келіп те көненің көзін көріп, танысуға мүмкіндік бар. Ахаңды толық тануға қазіргі қолда бар мүмкіндіктің бәрін қосуға бәріміз мүдделі болғанымыз дұрыс.

Табысты болыңыз, көп рақмет!