Мыңнан астам жас сарбаз әскери ант қабылдады

Мыңнан астам жас сарбаз әскери ант қабылдады
Сурет: Inform.kz

Қарулы күштердегі әскери бөлімдерде жас сарбаздар Отан алдында адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде ант беру рәсімі олардың құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Жалпы, әскери дайындық курсынан және ант қабылдағаннан кейін жас буын елдің әуе шептерін қорғауға қажетті әскери-есептік мамандықтарды игеруге кіріседі. Сондай-ақ, Ұлттық қорғаныс университетінің бірегей бөлімшелерінің бірі болып саналатын әскери-ғылыми взводының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері де Отанға адал болуға ант берді. Олардың негізгі міндеті – инженерлік-техникалық бейіндегі, ІТ технологиялар мен киберқауіпсіздік бағыттары бойынша ғылыми жұмыс атқару.

Әскери-ғылыми взводтың әскери қызметшілері өздерінің күнделікті қызметінде жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерін игеруден басқа Қарулы күштердің игілігі үшін ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және сынақ жұмыстарын орындауға тартылады.

«Еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орны – Ұлттық қорғаныс университетіне қызмет етуге келгенімді мақтан тұтамын және Отан алдындағы конституциялық парызымды лайықты орындау үшін бар күш-жігерімді саламын. Бұл үшін менің әскерге барар алдында алған ғылыми-техникалық бағыттағы тәжірибем мен білімім бар», – дейді қатардағы жауынгер Артем Егоров.

Салтанатты іс-шараларға Қарулы күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Ант қабылдағаннан кейін дәстүр бойынша бөлімше командирлері ата-аналармен әңгімелесті. Қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, оларды әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен таныстырды, казармалар, асханалар мен оқу сыныптарын көрсетті.