Мемлекеттік қызметте қағазбастылық азаяды

Мемлекеттік қызметте қағазбастылық азаяды
Сурет: Akket.com

eGov-та 800 мыңға жуық қызметке бағалау жүргізілді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Elorda.info  cілтеме жасап.

«Мемлекеттік аппараттың құжат айналымын қысқарту мақсатында, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қызметшілерге планшеттер таратудамыз. Алдағы уақытта 450 планшет қосымша берілетін болады», - деді министр.

Сондай-ақ Бағдат Мусин Smart Bridge арқылы интеграциялар оңай жүргізіліп жатқанын айтты.

«Мемлекеттің азаматтармен қатынасын цифрлық құралдарға көшіру қолға алынды. Мысалы, e-Otinish платформасы өзінің тиімділігін растады. Бүгін әкімшілік сотқа өтініштерді оңай беру үшін Жоғарғы Сотпен интеграция жүргіздік. Мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша халықтан кері байланыс алынуда. Мысалы, біз eGov-та 800 мыңға жуық қызметке бағалау жүргіздік. Жасанды интеллект технологиясын қолданып, 1414 кеңес беру қызметін роботтандыру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда», - деді Б.Мусин.