Мемлекеттік басқарушылар терең білімді болуға тиіс – Мәулен Әшімбаев

Мемлекеттік басқарушылар терең білімді болуға тиіс – Мәулен Әшімбаев

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің магистратура және докторантура түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Палата Спикері биылғы түлектер еліміз үшін ең жауапты және маңызды кезеңде кәсіби маман атанып отырғандарына назар аударды.

«Конституциялық реформа Жаңа Қазақстанның негізі қалайды. Онда әлеуметтік әділеттілік басты құндылық болып саналады. Бірінші кезекте, Жаңа Қазақстанды құратын біздің жастарымыз екені анық», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Спикері бүгінгі конституциялық өзгерістер аясында мемлекеттік аппараттың жұмысын да қайта жандандырудың маңызды екенін айтты.

«Қазір еліміздің алдында жаңа міндеттер тұр. Оның бәрі мемлекеттік аппараттан жаңа сапаны талап етеді. Президентіміз атап өткендей, бұл жерде мемлекеттік басқару моделін түбегейлі өзгерту мәселесі сөз болып отыр. Сондықтан мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға арналған жүйелі жұмысты жалғастырған жөн», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осыған орай Сенат Төрағасы бүгінгі мемлекеттік қызметшінің бойында болуға тиіс қасиеттерге тоқталды. Олардың біріншісі – сананың ашықтығы және инновациялық шешімдерге дайын болу.

«Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер бюрократияны азайтып, нақты нәтижеге баса мән беруге тиіс. Көбіне біздің мемлекеттік қызметте шұғыл, қауырт, қарбалас жұмыс жүріп жатса да соңғы нәтиже көңіл көңшітпейді. Сондықтан бұл салада нақты нәтиже беретін жобалық тәсіл маңызды рөл атқарады», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы мемлекеттік қызметшілер жауапкершіліктен қашпау керектігін айтты. Оның айтуынша, бұл бүгінде осы саладағы кемшіліктердің бірі. Көптеген мемлекеттік қызметшілер жауапкершіліктен қорқып, шешім қабылдаудан қашқақтап тұрады. Соған байланысты азаматтар мен бизнеске қатысты біраз мәселе сөзбұйдаға салынып, нақты шешімін таппай жатады. Осыған орай мемлекеттік қызметшілерді қорғауға арналған құқықтық актілер әзірлеу мәселесіне де көңіл бөлген жөн. Мәулен Әшімбаев әр маман үнемі өзін өзі жетілдіріп, кәсіби тұрғыдан шыңдалып отыруы керектігін де тілге тиек етті.

«Бүгінгі мемлекеттік басқарушылар терең білімді болуға тиіс. Сондай-ақ олар сыни ойлап, тез шешім қабылдай білуі керек. Ұжыммен, азаматтармен тіл табысып, жүргізіліп жатқан саясатты адамдарға анық әрі айқын түсіндіре алуы қажет. Мұның бәрі үнемі өз қабілетіңді арттырып отыруды талап етеді. Сондықтан әрдайым ізденіп, жаңа нәрсені тануға, білуге, үйренуге ұмтылған абзал. Сонымен бірге мемлекеттік қызметші қашанда адалдық пен тәртіпке табан тіреуге тиіс», – деген Мәулен Әшімбаев түлектерге алдағы өмірде сәттілік тіледі.