Мемлекет және ұлт мүддесі

Мемлекет және ұлт мүддесі
almaty-akshamy.kz

Президент тапсырмасы: айтылды – орындалды


Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз...

 Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

 

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауларындағы әрбір бастамасы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары мен жаңа реформалардың басты бағдарларын айқындап тұр. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтауды осы жолдағы айрықша міндет ретінде атады. «Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ. Ел бірлігі қашанда ең басты құндылық саналған». Президент тапсырмаларының жүйелі әрі нақты орындалуы – әлеуметтің Әділетті Қазақстан құруға деген бекем сенімін қалыптастырары сөзсіз. Сенім бар жерде қолдау бар!

ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ИДЕЯСЫ

оның түпкі мәні – елді ізгі мақсатқа жұмылдыру

Жаңа қоғамға ұмтылған қазақ­стандықтардың жалпыұлттық ре­ферендумда саяси жаңғыру бағ­дарын қолдауы осы тұжырымы­мыздың айқын айғағы. Президент ұсынған конституциялық реформа оның Әділетті Қазақстанды құру бастамасы жолындағы аса маңызды қадам болды. Елімізде іске асы­рылып жатқан саяси жаңғырулар мен экономикалық өзгерістер үрдісін көзбен көріп, сарыуайым күдіктен, күпті көңілден арылған халық баршаға тең мүмкіндікке жолашар жаңа қоғамға бетбұрысты дұрыс қабылдап жатыр.

Бұл ретте, Президент айт­қан­дай, «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмыл­дыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы.

Адам құқықтарын қорғау саласында Президент аманаттаған жұмыстардың барлығы жаңаша сипатқа ие болды. «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бір­дей мүмкіндік беріп, әділдік ор­натады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жа­ғынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шек­теулі жандарға да көмектесеміз.Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қорғайды. Шағын және орта бизнесті мейлінше дамыта­ды», – деген еді Мемлекет басшысы. Айтып қана қойған жоқ, осынау күрделі мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды. Бұлар – негізгі мақсат – сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді! Қасым-Жомарт Тоқаев тұжы­рымдағандай, «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық бай­лық­ты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – рефор­ма­ның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды».

Қазақстан парламентаризмі институтының жаңа саяси нау­қаны қарсаңында біз оқырман­да­рымызды 2019–2022 жылдар ке­зеңінде қолға алынған реформалар мен Президент бастамаларын іске асыру жөніндегі бірқатар ақ­параттар легімен танысты­р­мақпыз. Осы мақсатта Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келген 2019 жылғы 19 наурыздан бері төрт жылдай кезеңде елімізде қандай өзгерістер болғанын, әр Жолдаудағы Прези­дент тапсырмаларының орын­далу нәтижелерін зерделедік. Сонымен...

Екінші Президент ел тізгінін ұстаған кезеңнен бері не істелді?

Мемлекет пен ұлт мүддесі жолында қандай жұмыстар атқарылды?

2019 ЖЫЛ

Микро және шағын биз­нес компаниялары табыс салығын төлеуден үш жылға боса­тылды. Оларға қатысты тексерулер жүр­гі­зуге үш жылдық мораторий ен­гізілді;

Қазақстан азамат­тарының бо­рыш жүк­темесін азайту және өмір­лік қиын жағдайға тап бол­ған азаматтарға көмек көрсету мақсатында Қазақстан Респуб­ликасының Президенті «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шара­лары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Қарамағындағылардың сы­байлас жемқорлығы үшін басшы­лардың дербес жауапкершілігі институты енгізілді.

Әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауап­кершілік күшейтілді;

Педагогтардың жалақысын кө­теруді, оларды тән емес функциялар мен тексерулерден босатуды; олар­дың әлеуметтік мәртебесін артты­руды, ел алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегі үшін мем­ле­кеттік наградаларын бекітуді және сыйақы төлеуді, түрлі қосымша ақылар мен демалыс ұзақтығын арттыруды көздейтін «Педагог мәртебесі туралы» заң қабыл­данды;

Білім мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасына қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақ­тықты азайту шаралары енгізілді;

Ауыл шаруашылығы жерлерін пай­даланудың ғарыштық мони­торингі іске асы­рылды.

2020 ЖЫЛ

 

«Қазақстан Республи­ка­сында бейбіт жиналыстарды ұйымдас­тыру және өткізу тәртібі туралы» заң қабыл­данды, ол митингілер өткізуге рұқсат алу рәсімін жеңіл­детті, оларды елдімекендерде өт­кізу үшін арнайы орын­дарды бел­гіледі және ұйым­дастыру­шылар мен қатысушылардың қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау үшін жауап­кершілігін күшейтті;

1 қаңтардан бастап педагог­тардың, мәдениет және мұрағат қызмет­керлерінің жалақысы, сондай-ақ әлеуметтік қызмет­керлердің жалақысы артты­рылды. Бұл өсулер орта есеппен 30%-ды құрады.

27 тамызда жаңа 2025 жыл­ға дейінгі азаматтық қо­ғамды да­мыту тұжы­рымда­масы бекітілді, онда ҮЕҰ рөлін күшейту, көппар­тия­лықты, пікірлер плюрализмін және саяси бәсекелестікті дамыту көзделген;

Экономиканың зардап шеккен салаларында микро-, шағын және орта кәсіпкерлік кредиттері бойын­ша жылдық 6%-ға дейін пайыздық мөлшерлемелерді субси­диялау тетігі енгізілді;

Пандемияға байланысты 2020 жылдың соңына дейін ШОБ субъек­тілері мемлекеттік және квази­мемлекеттік ұйымдардың меншігіндегі жылжымайтын мүлік объектілері бойынша жал­дау төлемдерінен босатылды;

Кезекте тұрғандар үшін тұрғын үйді жалдау ақысын субсидиялау тетігін енгізу бойынша жұмыс жүр­гізілуде. Ауылда өз қызмет­кер­лері үшін тұрғын үй салу кезінде жұмыс беру­шілердің шығындарын субсидиялау тетігі енгізілуде.

1 қаңтардан МӘМС енгізу бас­талды;

«Тарихи-мәдени мұра ны­­сандарын қорғау және пай­далану туралы» Заң кү­шіне енді. Ар­хеологиялық жұ­мыстарды жүргізу, тарихи-мәдени сараптама жүргізу, та­рихи-мәдени мұра нысандарын қор­ғау және пайдалану жө­ніндегі жаңа қағидалар, тарих және мә­дениет ескерт­кіш­те­рінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орын­дау жөнін­дегі бағалау нор­мативтері, ЮНЕСКО-ның дүние­жү­зілік мәдени және табиғи мұ­ралар тізіміне номинациялау қағидалары енгізілді;

3 театрға «ұлттық», ал 9 театрға «академиялық» мәртебесі берілді;

Халықты, бірінші кезекте ба­лаларды дене шынықты­румен және бұқаралық спортпен айналысуға тарту мақсатында спорттық және шығар­машылық тапсы­рыстың кестесі әзірленді.

55 пункттен тұратын 2021–2025 жылдарға арналған жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар әзірленді.

Ғылым, мәдениет, ақ­параттық технологиялар, бизнес, медиа сияқ­ты
5 бағыт бойынша жобаларды іске асыруға 3 миллион теңге со­масында талантты жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұр­пақтары» гранты тағайын­далды;

5 тиімсіз ЖОО қысқар­тыл­ды, 25 ЖОО кадрларды даярлаудың 80 бейінді емес және талап етілмеген бағыт­тары бойынша лицензия­ларын қайтарды;

Әлемнің жетекші ғылыми ор­талықтарында тағылым­дамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға 1000 грант бөлін­ді. Қаржыландыруға 3 млрд теңге бөлінді;

ТЖ енгізу кезінде қызметін шектеуге байланысты та­бысынан айырылған азамат­тарды қолдау үшін МӘСҚ-тан 476 млрд теңге мөл­шерінде әлеуметтік төлемдер ұйымдастырылды. Бұдан басқа, ай сайын әлеуметтік осал санаттағы 1,1 млн-нан астам адам, тіркелген жұ­мыссыздарды қоса алғанда, азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді;

АӘК жүйесі оның ашық­тығын, әділдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбекке деген ынтаны арттыру үшін ре­формаланды;

Учаскелік инспекторға басты рөл берілетін «қадамдық қолже­тімді полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметіне реформа жүр­гізілуде;

Кәсіпкерлерге барлық плат­­формалардың өзекті са­тып алу­ларына тіркелу және қатысу мүм­кіндігін беру мақ­сатында бүгінгі күні Үкімет мемлекеттік орган­дардың, квазимемлекеттік сек­тордың, табиғи монополиялар субъек­тілерінің, жер қойнауын пай­даланушылардың сатып алу­ларының ақпараттық жүйе­лерін «бірыңғай сатып алу терезесі» порталымен инте­грациялау бойынша жұмысты аяқтады.

2021 жылдан бастап аза­мат­тарға тұрғын үй жағдайын жақ­сарту қымбат емделу ақысын тө­леуге немесе жеке басқарушы компанияларға басқаруға беру үшін зейнетақы жинақтарын алу құ­қығы берілді.

2021 ЖЫЛ

 

Ауыл әкімдерін сайлау өткі­зілді. Ауыл әкім­дері құрамының 80%-ы жаңартылды. 2024 жылы аудан әкімдерінің бірінші сайлауын өткізу жоспарлануда;

Саяси реформалар шеңбе­рінде Мәжіліске саяси партия­лардың өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмен­детілді, сайлау бюл­летеньдерінде «барлығына қарсы» бағаны қосылды;

Медицина қызметкерлерінің жалақысы (дәрігерлердікі орта есеппен 30%-ға, орта медицина қызметкерлерінікі 20%-ға) ұлғай­тылды;

Үкімет қабылдаған сумен жаб­дықтауды жақсарту жөніндегі шаралар республика бойынша ауыл тұрғындарын сумен қамта­масыз етуді 93%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді;

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қол­данысқа енгізілді, ол сот ісін жүргізудің жаңа түрімен әкімшілік әділетті енгізді, бұл «мемлекеттік органның кінәлілік презумпциясы» қағидатын бекітіп, жария-құқықтық дауларды шешу тәртібін түбегейлі өзгертті;

Корпоративтік басып алу тәсілі нақтыланған, ал бизнес қыл­мыстық қудалау органда­рының шамадан тыс арала­суынан қорғалған Заң қабыл­данды;

Полиция сервистік модель негізінде реформа­лануда. ІІМ-нің барлық бөлімшелерінде халықпен өзара іс-қимыл жасау үшін фронт-офистер құрылған. Полиция өзіне тән емес функциялардан және т.б. босатылды;

Заң жүзінде учаскелік инс­пектор мәртебесі арттырылды;

«Қазақстан Республи­ка­сын­дағы Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл туралы» заң қабылданды;

«Қазақстан Республика­сын­дағы өнеркәсіп­тік саясат тура­лы» заң әзірленді, онда, мысалы, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық ши­кізатпен қамтамасыз ету жөніндегі бап көзделген;

Академиялық дербестік енгі­зілді. Білім беру бағдарламалары дербес әзірленеді және оқытудың мерзімі мен траекториясы айқын­далады;

Жоғары оқу орындарының білім сапасы үшін жауапкершілігі күшейтілді;

Алаяқтық пен қаржы пира­ми­даларына қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар кешені әзірленді (Жол картасы);

Мемлекеттік басқару тұжы­рым­дамасы әзір­ленді. Тұ­жырымдаманың негізгі мақсаты – мем­лекеттік басқарудың басты құндылықтары азаматтар мен олардың әл-ауқаты болып та­былатын «адамға бағдарланған» моделін құру болып табылады;

Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы әзірленді;

2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясатының стратегиясы әзірленді, ол баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша әлеуетті күшейтеді;

13 мамырда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетел­діктерге және шетелдік тұлғаларға беруге және сатуға толық тыйым салу туралы шешім қабылданды.

2022 ЖЫЛ

Конституцияға түзетулер ен­гізу жөніндегі референдумның нәтижесінде суперпрезиденттік бас­қару нысанынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға көшу, Парламенттің өкілеттігін кеңейту, күш құры­лым­дары қызметкерлері мен жекелеген шенеуніктердің партияға мүше болуына тыйым салу, саяси партия­ларды тіркеу рәсімін оңайлату, сайлау процесін жаңғырту, сондай-ақ өлім жазасынан толық бас тарту және Конституциялық Соттың қайта жаңғыруы іске асырылды;

Референдум барысында Мәжі­лісті 70/30 қатынасында қалыпта­стырудың аралас жүйесі (пропор­ционал­ды-мажо­ритар­лық), облыстық мәслихаттардың депу­таттарын сайлаудың аралас жүйесі (50/50) енгізілді, сондай-ақ қалалық және аудандық мәсли­хаттарды сайлаудың мажоритарлық жүйесіне көшу жасалды. Бұл шара азамат­тардың Мәжіліс пен мәслихаттарды қалыптастыруға тікелей қатысу дәрежесін арттырады;

«Қазақстан халқына» қоғам­дық әлеуметтік қоры құрылды, оның міндеттерінің бірі – әлеу­меттік проблемаларды шешу, орфандық аурулары бар балаларды қымбат тұратын препараттармен қамтамасыз ету болып табылады;

«СК-Фармация» базасында меди­циналық техника мен меди­циналық бұйымдарды орталық­танды­рыл­ған сатып алуға көшу жүзеге асы­рылды;

Президент Жарлығымен Ұлт­тық құрылтай құрылды;

Жаңа облыстар – Абай, Ұлы­тау және Жетісу облыстары құ­рылды.

Жеңіл автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасы бойынша кәдеге жарату алымы 50%-ға төмен­деді, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін халықаралық тасымалдарға арналған ершікті тартқыштар үшін мөлшерлемелер нөлденді. Бұрын кәдеге жарату алымы үшін алынған қаражат мемлекетке берілді және оның 100 млрд теңгесі автонесие­леуге бағытталды;

Автомобильдерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін алым мөлшерлемесін 3 жылдан 7 жылға дейін 50 АЕК-ке дейін төмендету мәселесі пысықталуда;

2022 жылдың басында Бәсе­келестікті дамыту мәселелері ту­ралы заң қабылданды;

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы бекітілді;

Мемлекеттік әлеуметтік сақтан­дыру қорынан еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларына төленетін әлеу­меттік төлемдердің мөлшері 5%-ға артты­рылды. Әлеуметтік тө­лемдердің жалпы көлемі 92,5 млрд теңгені құрады;

Елімізде биоқауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруды көздейтін «ҚР-дағы биологиялық қауіпсіздік туралы» заң қабыл­данды;

Ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылды;

Заң жүзінде шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар ҚР заңды тұл­ғаларының, халықаралық ұйым­дардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталық­тардың, сондай-ақ қандастардың ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен иеленуіне тыйым салу енгізілді;

2023–2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырым­дамасы бекітілді. Тұжырымдама аясында елге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандық­тар­дың құқығын қорғау қарас­тырылған;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жекелеген санаттағы 591 мың азаматтық қызметшінің жалақысы артты;

Президенттің тапсырмасы бойын­ша елге әкелінген автокө­лік­терді заңдастыру үшін біржол­ғы тәр­тіпте кәдеге жарату және бастап­қы тіркеу үшін 200–250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде бірыңғай алым қолданылатын болды;

Пилоттық режимде Отбасы­ның цифрлық картасын (азамат­тарды кепілді мемлекеттік қол­даудың қандай да бір түрін алуға құқықтары туралы) енгізу бас­талды;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғары­ғысын тиісінше 100%-дан 120%-ға дейін кезең-кезеңмен жеткізу көз­деліп отыр.

Билік пен  қоғам  серіктестігі нығаяды

 Бағыт–бағдар айқын. Елімізде саяси рефор­малар «Күшті Прези­дент – ық­палды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясын­да жүзеге асырылуда. Бүгінде жаңа стратегияға сәйкес басты мемле­кеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қадам әр азамат­тың әл-ауқатын арттыру және бүкіл елімізді өркендету жолындағы барлық іс-қимылды жандандыруға бағытталады.

Биылғы 19 наурызда өтетін Мә­жіліс және мәс­лихат депутаттары­ның сайлауында халық қалау­лы­ларының жаңа құрамы жасақ­талмақ. Сол арқылы жаңарған мәслихаттар мен Парламенттің бі­лікті, сапалық құрамына жол ашыл­мақ. Демек, Жолдауда аманат­талғандай, Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси инс­титуттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Мұның өзі билікке бүкіл қоғамның талап-тілегін ескеретін тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бермек.

Жалпы, Президенттің әр Жол­дауында қоғамдық ойды серпілтер, әлеумет санасын сергітер нақты бағдарлы тың бастамалар көп-ақ. Мемлекет басшысы өзі айтқандай, билік өзінің жоспарын қоғамнан жасырын ұстайтын саяси дәстүрден арылып келеді. Әр бастама азамат­тарымыздың өмір сүру сапасын жақсартуды және елді орнықты дамытуды көздейді. Бұл билік пен қоғам арасында ынтымақтастық мүдде мен өзара серіктестікті қа­лыптастырудың басты алғышарты болмақ.

 Т.ДЕРБІСАЛИН.