Мемлекет басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовты қабылдады

Мемлекет басшысы Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовты қабылдады
Сурет: Ақорда кz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бауырлас Өзбекстанмен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән береді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевтің екіжақты байланыстарды тереңдету ісіне елеулі үлес қосып отырғанына тоқталып, Қазақстан өңір халықтарының игілігі мен өсіп-өркендеуіне бағытталған Өзбекстанның бастамаларын алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізді.

Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Екі елдің дамуына тың серпін беретін жаңа бағыттарды қарастыру және екіжақты тауар айналымын арттыру маңызды екені айтылды.

Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін атап өтті. Президент Қазақстанның «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салуға кіріскенін мәлімдеді. Бұл жолды одан әрі Өзбекстан шекарасына жеткізу көзделіп отыр. Аталған теміржол байланысы екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан тарапының Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту ісіне атсалысуы барлық тарапқа тиімді болады деп санайды.