Мамандар Алматыда жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркелетінін айтты

Мамандар Алматыда жылына 200-ге жуық жер сілкінісі тіркелетінін айтты
Сурет: Jw.org

Қалада 240-қа тарта объект сейсмикалық тұрғыда күшейтілген.

Жыл сайын қала мен Алматы облысының аумағында екі жүзге жуық жер сілкінісі болады. Бұл туралы мегаполис халқымен кездесу барысында Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Айтуынша, былтыр Төтенше жағдайлар министрі мен сейсмология институты тәжірибелік-әдістемелік экспедиция өткізді. Мамандар қала мен Алматы облысының аумағында зерттеулер жүргізеді.

«Қала аумағында 17 бақылау станциясы орналасқан, 2023 жылдың соңына дейін 28 станция орнату жоспарда. Ағымдағы жылы күшті жер сілкіністері туралы ерте хабарлау жүйесін енгізу бойынша жұмыс басталды. Қазіргі таңда Алматы қаласының маңында «Darmen» мобильді қосымшасымен ұштасқан жер сілкінісі туралы ерте хабарлау жүйесінің 9 сейсмикалық станциясы орнатылды»,- деді ол.

Министрдің сөзінше, «Darmen» ТЖ қаупі туралы халықты дереу хабардар етуге мүмкіндік береді. Мысалы, магнитудасы 4 балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде сейсмодатчиктер іске қосылғанда азаматтардың смартфондарына хабарламалар автоматты түрде жіберіледі.

«2000 жылдан бастап 240-қа тарта объект сейсмикалық күшейтілді, биыл 7 білім беру және денсаулық сақтау объектілерінде жұмыстар аяқталады. Әкімдіктің қолдауымен құлақтандыру жүйесі жаңғыртылып, адамдар көп жиналатын ғимараттар үшін цифрлық жабдықтар сатып алынды. Еліміздің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2023 жылға дейінгі Жол картасын іске асыру жалғасуда. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдардан Жол картасын уақтылы іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын», - деді Юрий Ильин.