Мақтааралдағы үйлердің ауласын су басты

Мақтааралдағы үйлердің ауласын су басты
Сурет:Yassy-tur.kz

Жаңбырдың салдарымен күрес әлі тоқталмаған.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 3000-ға жуық үйдің ауласын су басты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мақтаарал ауданында толассыз жауып жатқан жаңбырдың салдарымен күрес әлі тоқтаған жоқ. Қазір өңірде барлығы 214 мотопомпа жұмыс істеп жатыр.

«Тұрғын үйлердің аулаларын су басу жағдайы өте көп тіркелуде. Штабтың барлық тұрғын үйге бірдей көмек көрсетуі физикалық тұрғыдан мүмкін емес. Ең бірінші кезекте аз қамтылған, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты аналары бар отбасыларға көмек көрсетудеміз. Осыған байланысты барлық аудан тұрғындары, кәсіпкерлерді, ерікті азаматтарды орын алған жағдаймен бірігіп күресуге шақырамын», - дейді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Жалпы, ауданда 3 мыңға жуық үйдің аулаларын су басу жағдайы тіркелген. Бүгінге дейін жергілікті әкімдіктердің және облыстық, аудандық төтенше жағдай қызметкерлерінің тәулік бойы атқарған жұмыстарының нәтижесінде 15501 текше метр жаңбыр суы тартылды.

Айта кетейік, екі аптадан бері тынымсыз жауған жауын-шашыннан жер асты суы көтеріліп, Мақтаарал ауданында бірнеше елді мекендерде көшелер мен үйлердің аулаларын су басу жағдайлары орын алды.