Махаббат немесе ең қамқор бала кім?

Махаббат  немесе ең қамқор бала кім?
Сурет: ашық дереккөзден

Шетелдік бір топ зерттеуші-сарапшы 4–8 жас аралығындағы балаларға «Махаббат деген не?» деген сауал тастайды. Сонда өрендердің берген жауаптары үлкендер күткендегінен әлдеқайда терең мағыналы болып шыққан.

 

Ребекка, 8 жаста:

«Менің апам артритпен ауырғанда, өздігінен еңкейіп, тіпті аяғының тырнақтарын бояй алмай қалды. Сонда атам өзі де артритпен ауырып тұрғанына қарамастан апамның тырнағын ылғи бояп береді. Мұндайды махаббат дейді».

 

Билли, 4 жас:

«Сені біреу жақсы көретін болса, онда оның сенің атыңды айтқандағы дауысы басқаша шығады. Сонда өзіңнің есіміңнің оның аузының ішінде, қауіпсіз жерде екендігін білесің».

 

Карен, 7-де:

«Егер сен біреуді сүйсең, онда кірпіктерің бір көтеріліп, бір түседі. Сонда сенен кіп-кішкентай жұлдызшалар ұшып шығады».

 

Крисси, 6-да:

«Махаббат дегенді, мәселен, бір жерге тамақтануға барғаныңда, біреуге қуырылған картобыңның көп бөлігін оның орнына бірдеңе дәметпей-ақ беру деп білемін».

 

Лорен, 4 жаста:

«Мені әпкемнің жақсы көретінін білемін. Себебі, ол барлық бұрынғы киімдерін маған береді де, амалсыздан өзіне жаңа киімдер сатып алуға дүкенге кетеді».

 

Ноэль, 7 жаста:

«Егер сен бір ұлға оның жейдесінің ұнайтындығын айтсаң, сосын ол сол киімді күнде үстінен тастамай киіп жүрсе, сол махаббат».

 

Мэри, 4-те:

«Махаббат дегеніміз – егер сен таңертең күшігіңді өзіңмен бірге ертпей, таңнан кешке дейін үйде жалғыз қалдырып кетсең, соны да елемей, оның жүгіріп келіп бетіңді жалауы».

 

Синди, 8 жас:

«Фортепиано концертінде сахнаға шыққанымда қатты қорықтым. Залдағы адамдардың бәріне қарап тұрғанымда, маған қолын бұлғап, жымиып отырған әкемді көзім шалды. Бүкіл залда маған солай істеген тек әкем ғана болды. Содан соң мүлдем қорықпадым».

 

Дэнни, 7 жасар:

«Анам әкеме арнап кофе әзірлегенде, оның дәмділігіне көз жеткізу үшін алдымен өзі бірінші болып ішіп көруі, міне, махаббат дегеніміз сол».

***

Бала деген – ең адал, кіршіксіз тұлға. Ол ойындағысын бүкпесіз, сол қалпында жеткізе білетін жалғыз таза адам. Бірде жазушы және лектор Лео Бускалья өзі қазылық еткен бір байқау туралы қызықты жайтты айтқан екен. Әлгі байқаудың мақсаты ең қамқор баланы анықтау болыпты. Сонда «ең қамқор бала» мәртебесін 4 жастағы балдырған иеленіпті. Ол жуырда ғана кемпірі қайтыс болған қарияның ең кішкентай көршісі болып шықты.

Ұзақ жыл отасқан жары бақилық болып, еңсесі түсіп, екі иығы қушиып, сопиып, жалғыздан-жалғыз кемсеңдеп жылап отырған қартты көрген әлгі бала оның ауласына именбей кіріп барып, қарияның тізесіне жайғасып алып, көздері жыпылықтаған күйі үн-түнсіз отыра берген. Балақайдың шешесі ұлынан:

– Балам, көрші атайға не айттың? – деп сұрағанда, балдырған:

– Ештеңе. Мен тек атаның жылап алуына көмектестім, – деген екен.