Көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанның бүгінгі күнгі мүддесін ақтай алады

Көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанның бүгінгі күнгі мүддесін ақтай алады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

1 қыркүйек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жалпы жұрт асыға күтуде. Жалпы Жолдауда не мәселе көтеріледі? Не күтеміз? Осы жайында философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, саясаттану PhD докторанты Бақытжан Шынар Ержанқызынан Almaty-akshamy.kz тілшісі сұрап көрген болатын.

​2023 жылғы 28 тамызда Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов «Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2 тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы 2023 жылғы 1 қыркүйекте сағат 11.00-де Астана қаласында шақырылсын», деп жазылған Өкімге қол қойды. Бірнеше жылдан бері барша қазақстандықтар 1 қыркүйек – ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын толқумен күтуде. Өз жолдауында Президент өткен жылдың қорытындыларын талдап, таяу жылға мемлекет даму бағытын айқындайтын баяндама жасайды.
​Өткен жолдаудың қорытындыларын айтар болсақ, Мемлекет Басшысының әлеуметтік және экономикалық салалардағы тапсырмаларын орындау қиынға соққан сияқты. Оның үстіне  соңғы жылы елде болған бірқатар қайғылы оқиғалар - Екібастұз бен Риддердегі апаттар, орман өрттері, Алматыдағы көпқабатты үйде және Қарағанды облысындағы "Қазақстан" шахтасындағы авария жағдайды тіпті ушықтырып жіберді. Осыған байланысты келер жолдауда Президент шенеуніктердің жауапкершілігі туралы мәселені қайта көтеруі мүмкін. Шынында да, жеке коммерциялық құрылымдар және олармен өзара әрекеттесетін белгілі бір мемлекеттік органдардың бұл қайғылы оқиғаларға тікелей қатысты жауапкершілік үлесі бар. Сонымен қатар, олардың көпшілігінде күрделі жағдайларда тиімді әрекет ету үшін қажетті білім мен тәжірибе жетіспейтіні анық. Сондықтан алдағы жолдаудан мемлекеттік басқару жүйесінде барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің ішкі және ведомствоаралық бақылауы мен тәртіптік жауапкершілігін күшейту жөнінде шаралар қолдануын күтеміз.
​Экономикаға қатысты бөлімінде Президент шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару бойынша мәселені тағы көтеруі мүмкін. Осыған байланысты Жолдау барысында ҚР Бас прокуратурасының жанынан активтерді қайтару жөніндегі арнайы кеңес құрылып, бұл шараның жұмысын оңалту үшін нормативтік-құқықтық базасы толықтырылады деп күтеміз.
​Саяси шараларға келетін болсақ, наурыз айында жарияланған 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлауын өткізу тақырыбына қайта оралып, кейіннен тиісті жарлық қабылдануы мүмкін. Саяси сарапшылардың пікірінше бұл сайлаудың өзі осы жылдың соңына дейін өтеді деп болжанады. Осы оқиға аясында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі реформалау мәселелері өзекті болып қала бермек.
​Мемлекеттің сыртқы саясаты бойынша аса қатты өзгерістерді күте алмаймыз, себебі Қазақстан өзінің достық пен теңдікті негізге алған көпвекторлы саясатын әрі қарай жалғастыруға мәжбүр. Тек көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанның бүгінгі күнгі мүддесін ақтай алады, бірақ сондада әлемде болып жатқан қақтығыстарға қатысты шетелдік санкциялар туралы бірқатар ескертулерді ескере отырып, осы бағытта заң күшейтіледі деп күтеміз, -дейді Шынар Ержанқызы.