«Көпен келе жатыр!..»

«Көпен келе жатыр!..»
Сурет: ашық дереккөз

Елордада Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» атты бес томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz Аikyn.kz-ке сілтеме жасап.  

Көпен Әмірбек

Шараның ашылу рәсімін журналист Шархан Қазығұл жүргізе отырып, Көпен Әмірбек жайындағы жылы естеліктерімен бөлісті.

«Көпен ағаны көзі тірісінде көргенімде, өзім Аристотелдің бас сүйегін көргендей боламын. Қолына қалам алғандар сатирик бола алмайды. Ол оңай емес. Сатирик болу үшін жартылай философ болу, философ болу үшін жартылай сатирик болу керек. Ақиқаттың барлығы философияда. Сол философияны, ақиқатты айту үшін сатирик болу міндетті. Осы тұрғыдан алғанда Көпен Әмірбек қазіргі заманғы қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше қаламгер деп айтуға болады,  деді ол.

Көпен Әмірбек

Сатирик Көпен Әмірбек көзі тірі болғанда 73 жасқа толар еді. Қазақта «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген тәмсіл бар. Осы тұрғыда жазушы-сатирик Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!…» атты 5 томдық шығармалар жинағын өзі жинақтап, кітаптың тұсаукесерін жасамақ болған. Келіншегі Әйгерім Асанованың айтуынша, жинақты қалың оқырманға таныстырып, жеткізуді аманат деп білген.

Көпен Әмірбек

Бес томдық жинақ шықты дегенін естіп, таңданғаным рас. Ең әуелі Көпекең қай уақытта жазып үлгерген деп ойладым. Юмор бар жерде адамның жасампыздығы көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда, Көпен Әмірбектің өткен ғасырдың 70-80-90 жылдарында қазақ мәдениетіне атқарған рөлі елеулі. Халқымызға ежелден тән қалжыңды, өткір сөзді, сын-сықақты жаңа бір биікке көтерген. Оспанханның даңқты дәстүрін жалғастырған жұлдызды ізбасары. Көпенді анық мойындаудағы дүние  оның есімі,  деді Сауытбек Абдрахманов.

Көпен Әмірбек

Көпен Әмірбек әр жылдары жарық көрген «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін», «Көкемнің көзі», «Із», «Па, шіркін, пародия», «Жұма сәлем», «Жігіттер жиыны» атты әзіл-сықақ, пародия кітабы арқылы оқырмандарға кеңінен танылған болатын.

Көпен Әмірбек

Ал осы жолғы жинақ 500 данамен шыққан. Кітаптың бірінші томы сатираға арналса, екіншісі  Көпен Әмірбектің сұхбаттары жинақталып, соңғы бөлімі фотоальбом ретінде жарық көрген.

Көпен Әмірбек

 Сатира саласында Көпен Әмірбектің орны да, аты да, еңбегі де ерекше. 2000 жылдары сайлауға Көпен аға да қатысқан. Жолы болмай, өтпеді. Сол жағдайдан кейін бір күні кездесіп қалдық. Өзіңіздің үніңізді танытып, сатира саласында емін-еркін жүре бермейсіз бе деп жұбату сөздерін айтқан едім. Содан кейін «Көпен келе жатыр!..» деген жоба басталып кетті. Сол атпен, міне, халыққа жатталып қалды. Айқын газетінде «Ара» атауымен арнайы номер жазылып келе жатыр. Бұл да Көпен ағаға көрсетілген құрмет деп білеміз,- деді сенатор, публицист Нұртөре Жүсіп.

Көпен Әмірбек

Сонымен қатар, тұсаукесер рәсіміне Бердібек Сапарбаев, Жарылқап Бейсенбай, Дархан Мыңбай, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Дихан Қамзабекұлы және басқа да белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Көпен Әмірбек

Өмірінің соңғы жылдарында Көпен Әмірбек Aiqyn республикалық қоғамдық-саяси газетінің «Ара» қосымшасында редакторлық қызмет атқарған. Газеттің аталмыш қосымшасы әлі күнге дейін тұрақты түрде шығып тұр. Негізі  Көпен Әмірбек бұған дейін «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, «Білім және еңбек», «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшы, ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеген.

Көпен Әмірбек

Сондай-ақ «Ара» журналының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы сатира кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.