«Қола» үшін үш қазақстандық таласады

«Қола» үшін үш қазақстандық таласады
Сурет: Inform.kz

Үш қазақстандық дзюдошы Астанада өтіп жатқан Qazagstan Barysy Grand Slam турнирінің қола жүлдесі үшін күреседі.

Жарыстың екінші күні 73 келіге дейінгі салмақта татамиге шыққан қазақстандық спортшылар біршама табысты өнер көрсетті деуге болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Асқар Нарқұлов жартылай финалда тартысты жекпе-жекте Польша өкілі Адам Стодольскиге вазари әдісімен есе жіберді.

А. Нарқұлов қола жүлде үшін грузиялық Джорджи Терашвилимен сынға түседі.

Азия чемпионы Данияр Шамшаев жартылай финалда «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін чемпионы Махмадбек Махмадбековке (INA) ауырту әдісімен есе жіберді.

Осы салмақта тәжірибелі спортшы, бұған дейін Grand Slam жарыстарында екі рет күміс, бір қола алған Жансай Смағұлов ширек финалда А. Стодольскиден ұтылды. Дегенмен, Жансай жұбаныш белдесуінде косоволық Акил Гьякованы таза жеңді.

Қола медальді Данияр мен Жансай өзара сарапқа салады, яғни біреуі жүлдеге ілігеді.

Финалдық белдесулер Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.