Қызылша екпе алмаған балаларға «ауыз салып» жатыр

Қызылша екпе алмаған балаларға «ауыз салып» жатыр
almaty-akshamy.kz

Қызылша тақырыбы әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Өкінішке орай, өткен аптада өскемендік алты айлық нәрестенің қызылшадан шетінеп кеткені туралы ақпарат тарады. Сақтанбасақ болмайды.

Тақырыпқа орай Алматы қалалық № 30 емхананың эпидемиолог-дәрігері Айнұр Сәрсеновамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Қызылшаны балалардың көбірек жұқтырып жатқаны рас па?

– Биылғы қаңтардан бастап қазан айына дейін инфекциялық ауруханаға қаралған науқастар саны 5754 болды, олардың 71%-ы 1-7 жас аралығындағы балалар. Ал ересектердің арасында бұл көрсеткіш 2 мыңға жуықтады. Мен 1 қарашада алынған мәліметтерге сүйеніп айтып отырмын.

Өздеріңізге мәлім, қызылша ауруы бізді ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге салып тұр. Сондықтан біз де қосымша екпе салу науқанын бастадық. Қосымша иммунизация – бұл балалар арасында қызылша ауруының таралуын ауыздықтауға, сонымен қатар, медицина қызметкерлерінің қызылшаға иммунитетін күшейтуге бағытталған.

– Ересектер мен балаларда қызылша белгілері бірдей ме? Екпе алған балалар қызылшаны еш асқынуларсыз жеңіл өткереді деген рас па?

– Ересектердің 20%-дына тері қышымасы байқалады. Ларингит пен бронхит 15 күнге дейін созылуы мүмкін, әсіресе 60 жастан асқан қарттарда. 20-30%-ында қысқамерзімді диарея және орталық жүйке жүйесінің зақымдануы байқалады. Қызылша ауруында біршама жиі кездесетін асқынулар – пневмония.

Бір жасқа дейінгі балалар қызылшамен ауырған кезде әлсіз катаралды белгілер байқалады. Қызыл дақтардың пайда болу кезеңінде сілемейлі қабатта жиі көрініс беретін ақшыл-сұр түсті «Бельский-Филатов-Коплик дақтары» кей кезде болмауы мүмкін. Сонымен қатар, іші өтіп, құсады.

Жасыратыны жоқ, кейбір ата-аналар екпеден бас тартып жатады. Бұл болашақта ерте және кеш асқынулардың дамуына әкелуі мүмкін. Жалпы, екпе алған адамдарда ауру жеңіл өтеді және бөртпе кезеңі болмайды.

– Қызылша несімен қауіпті және оның салдары қандай? Соңы өлімге алып келетін жағдайлар кездесе ме?

– Бұл жерде геморрагиялық форманы атап өткен жөн. Ауру теріде және шырышты қабаттарда көптеген қан кетулермен, зәрде және нәжісте қанның пайда болуымен, сондай-ақ көп қан жоғалтуға байланысты өлім ықтималдығымен бірге жүреді. Уақытылы медициналық көмекке жүгіну арқылы мұндай салдардың алдын алуға болады.

– Қызылша белсіздікке алып келуі мүмкін бе?

– Жоқ. Бірақ түсік тастау, мерзімінен бұрын босанып қалу немесе жатырішілік ақауларға алып келуі мүмкін. Қазіргі уақытта жүкті әйелдерде қызылша тыныс алу жеткіліксіздігі және интоксикация белгілеріне байланысты орташа ауырлықта өтіп жатыр.

– Бұл ауру неліктен дәл қазір бас көтеріп отыр?  

– Оның таралу факторларының бірі – халық арасында ұжымдық иммунитеттің төмендеуі. Оның үстіне, кейінгі жылдары екпеден бас тарту үрдісі белең алып келеді. Салдарынан балалар арасында аурудың таралуы жиілей бастады. Екпеден қорқудың қажеті жоқ, керісінше оның аурудан қорғайтынын білетін уақыт жетті бізге.

Бірінші кезекте вакцина 6 айдан бастап 10 ай 29 күн болған балаға салынады. Биылғы 5 желтоқсаннан бастап, балаларға екпе алу, статусына қарамастан, 2 жастан бастап 4 жасқа дейін және 11 ай 29 күнінде екпе салады.

– Отбасыда немесе ұжымда қызылшамен ауырған жағдайда карантин ережелері қандай?

– Мысалы, егер науқас аурудың жеңіл түрімен ауырса және оған тек амбулаторлық ем тағайындалса, онда ол үй карантинінде болады. Жалпы, жөтел этикетін сақтап, алғашқы белгілер пайда болса, бірден медициналық көмекке жүгінген абзал.