Қытайтану ғылымының қажеттілігі артып келеді

Қытайтану ғылымының қажеттілігі артып келеді
almaty-akshamy.kz

Қытайтанушы Н.Мұқаметханұлымен кездесу өтті

Қазіргі таңда Қазақстанды қамтыған Орталық Азия аймағында ислам әлемінің, Қытай мен Үндістан сынды сыртқы жаңа күш орталықтарының белсенділігі барған сайын артуда. Бұл үрдіс еліміздегі шығыстану және қытайтану ғылымын жүйелі дамытуды міндеттеп отыр. Бүгін, 17 сәуірде Алматыда белгілі қытайтанушы ғалым Нәбижан Мұқаметханұлымен аталған саладағы зерттеушілер және жас ғалымдардың кездесуінде осыған қатысты тың ұсыныстар мен жаңа ойлар ортаға салынды.

Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұйымдастырған кездесу белгілі ғалым, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, тарих ғылымының докторы, профессор Нәбижан Мұқаметханұлының мерейлі 70 жасына орай өткізілді. Кездесуде отандық шығыстану және қытайтану саласының мақсаты мен міндеттері, саланың дамуы мен кездесіп отырған мәселелері талқыланды. Аталған ғылым бағытындағы зерттеушілер, ғалымдар және студенттер арасында өзара пікір алмасты.

Шара барысында Шығыстану институтының директоры, белгілі ғалым Дүкен Мәсімханұлы ғылымдағы әріптес ағасы Н.Мұқаметханұлының өмірбаяны, ғылымдағы еңбек жолымен таныстырып, мерейлі 70 жасымен құттықтады. Әрі институт атынан «Шығыстану ғылымына қосқан үлесіңіз үшін» медалін тағып, ғалымның ғылымдағы еңбегіне құрмет көрсетті.

Кездесуде ғалым еліміздегі қытайтану және шығыстану салаларының мәселелерін талдады. Саланы дамыту бойынша ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Әрі жас зерттеушілердің сұрақтарына жауап беріп, еліміздің ұлттық мүддесіне қатысты, сондай-ақ, бірқатар геосаяси мәселелер бойынша да өз көзқарастарымен бөлісті. 

Н.Мұқаметханұлымен кездесуде Қазақ-қытай қарым-қатынасының болашағы, Ресей-Қытай қатынастарының дамуы және оның бізге жасайтын ықтимал мүмкіндіктері мен сын-қатерлері туралы да кең талқы өрістеді. Бұл туралы толығырақ «Алматы ақшамы» басылымының алдағы санынан оқи аласыздар.