Кітаптан асқан сыйлық жоқ

Бүгін – 14 ақпан, Халықаралық кітап сыйлау күні

Бүгін Сәуле Досжанова өзінің жазған кітаптарын Жамбыл атындағы Алматы қаласының жасөспірімдер кітапханасына тарту етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Елімізде кітап сыйға тарту күні 2012 жылдан бері аталып келеді. Негізі бұл атаулы күннің шығуына балалар кітаптары сайтының иесі, үш баланың анасы Эмми Бродмур атты АҚШ-тың тұрғыны себепкер болған екен. Ол бірде баласы екеуі әңгімелесіп отырғанда: «Неге адамдардың бір-біріне ешқандай себепсіз кітап сыйлайтын күн жоқ?», - деп сұрайды баласы. Осыдан кейін Эмми 2012 жылы 14 ақпан күнін «Кітап сыйға тарту күні» ретінде аталу ұсынысын алға тартады. Кішкене баланың ұсынысы осылайша қолдау тауып, халықаралық деңгейде аталып келеді.      

Шындығында, кітап - ең жақсы сыйлық! Біз білім теңізіне осы кітап арқылы жүзіп шығамыз. Кітап оқу арқылы сөз байлығымыз артып, білім көкжиегі кеңейеді. Сарқылмас ақыл аларымыз анық. Сондықтан жақындарыңызға кітап сыйлаңыздар.

– Кітапханада жастар көп. Білім алғаны көңілімізді көтереді. Мен де осында отырып, бір кітабымды жазған болатынмын. Оқырмандарыңыз көп болсын! Жастарымыз білімді болғай, - деді Сәуле Досжанова.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша, кітап оқу стреске қарсы жақсы шара екендігін көрсеткен. Кітапты көп оқыған сайын мидағы нейрондық байланыстар артта түседі екен.  Ал дәрігер мамандардың айтуынша, кітап оқуды әдетке айналдыру егде жаста алжымауға, альцгеймер ауруына шалдықпауға септігін тигізеді екен.