Қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты басталатын уақыт жарияланды

Қысқы Универсиаданың ашылу салтанаты басталатын уақыт жарияланды
Сурет: Ашық дереккөзі

Дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынайды

АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өтетін 2023 жылғы Қысқы Универсиаданың салтанатты ашылуы қай уақытта басталатыны белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

XXX Қысқы Универсиаданың ресми ашылу салтанаты елорда уақытымен 05:50-ге белгіленген. Аталған шара «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынайды. Олар шаңғымен жарысу, шорт-трек, биатлон, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру, қоссайыс, шайбалы хоккейден жарыс жолына шығады.

Қазірге дейін қазақстандық спортшылар барлығы 107 медальға ие болды. Олардың 20-ы алтын, 40-ы күміс, 47-і қола медаль. Бұл жөнінен жалпы командалық есепте 107 мемлекеттің арасында 35-орында тұр. Көш басында АҚШ, Қытай, Ресей спортшылары келеді.

Бұған дейінгі универсиадаларда қазақстандық студенттер 2017 жылы жоғары нәтиже көрсетті. Еліміздің Алматы қаласында өткен бәсекеде олар 11 алтын, 8 күміс пен 17 қола олжалады. Нәтижесінде барлығы 36 медальмен Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орын алды.

Универсиада ойындарының тарихы 1924 жылдан бастау алады. Ол 1959 жылға дейін бүкіләлемдік университет ойындары аталып келді. 1959 жылдан бастап универсиада болып танылды.

Дүбірлі доданы тікелей эфирде көрсету міндетін «Qazsport» телеарнасы өз міндетіне алып отыр.