Кіші қазан келіп қалды

Кіші қазан келіп қалды
almaty-akshamy.kz

Қазан қақпаны қағып тұр. Бұл айдың қаһарлы қара желі, тентек  мінезді «Бұғы мүйіз» амалы бар

23 қыркүйекте күн мен түн теңелді. «Мизам шуақ» амалы жүріп жатыр. Сүмбіле жұлдызы туды. Енді суда сүлік өледі. Су салқындап, жылқы шыбын-шіркейсіз, сүліктен қауіпсіз жайылады.

Жылқының түгі жылтылдап, өзі қутыңдап, нағыз қоң жинайтын кезі осы. Аптаның соңында Қазан айы кіреді. Бұл айды бозқырау, күзем айы деп те атайды. Бұл атаулар осы айдағы ауа райы мен атқарылатын шаруаға қатысты қойылса керек.

Құстар жылы жаққа – мекеніне оралса, малшылар қойдан күзем алуды, күзекке көшуді бастайды. Бие ағытылып, күздік сойылады. Жауын көп болуы салдарынан күн салқын тартады. Қар ұшқыны білініп, суға мұз қатады, бозқырау түседі. Бұлт қоюланады. Пісіп үлгермеген көкөніс пен егін суыққа ұрынса, халық оны «қазан ұрды» дейді.

Қазан айының 9–14 жұлдызында «Қаражел амалы», 19–24 жұлдызында «Бұғы мүйіз амалы» кіреді. Қазан айында кіші қазан, үлкен қазан аталатын амалдар бар. Кіші қазан – 28 қыркүйектен кейін, 4-5 күн шамасында өтеді. Күн суытып, алғашқы салқындық болады. Жиналмаған егінге, көкөніс пен бақша дақылдарына қауіп төнетіні осы уақыт. Кіші  қазанда жел тұрып, күн аздап суытып, жаңбыр жауады. Тұщы шөптердің бояуы оңып қурайды. Ал ащы шөптер: шағыр, сораң, қара жусан, алабота, т.б. піседі, тұшиды. Қазақ бұл құбылысты «шөпті қазанның қағуы» дейді. Жоғарыда аталған ащы шөптерді «қазан қақпай мал жемейді. Мал  өсіретін ел бұл шөптерді «қазан қақпай» шаппайды. Қазан қақпай шабылған ащы шөп малдың ішіне тиеді, ас болмайды.

Бүгін Григорианша айдың соңғы аптасы (28), қазақша (ескі есеп бойынша)  айдың жартысы (14), ай есебі бойынша, қыркүйектің ортасы (13). Апта айдың ортасы мен соңына дөп келіп тұр. Күн құбылуы, жаңбыр жаууы, салқындық орын алуы ықтимал... Алдағы күндері 28 қыркүйек – 5 қазан аралығында ауа райы құбылмалы болады. Еліміздің  бір аймағында салқын болса, екінші аймағында күн ысиды, ал Алматыда тұрақсыздық орын алады: бірде ашық, бірде жауын, оқта-текте жел тұрады...

Күн сол қалпы салқындықты сақтап қалады деуден аулақпыз. Алда әлі «Кемпір шуақ» амалы бар...

 

БАБАЛАР  БОЛЖАМЫ

Қазанның қара желіне орай  жасалған жорамал:

*Егер бұлт желге қарай көшсе, онда кешікпей қар жауады, бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады.

*Бұлт шетінен ыдыраса, онда ауа райының оңалайын дегені.

*Оңтүстіктен ұзақ соққан жел бағытын өзгертіп, шығыс жақтан соғар болса, ауа райы жақсарады.

*Оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, батыстан соғар болса, ауа райы бүлінеді.

*Бұлт көкжиектен будақ-будақ өркештене көтеріліп, іле-шала көрінбей кетсе, онда қатты жел тұрып, қақаған аяз болмақ, бұлт өркештенген күйі көтеріле берсе, қалың қардың белгісі.