Қырық амалды қыркүйек

Қырық амалды қыркүйек
Сурет: goodfon.ru

Шылқыған шығы, себелеген жауыны, жағымсыз желі бар қыркүйекті қазекең «жылауық ай» деп атаған.

Бұрынғылар күз айларын жылауық күз, жомарт күз, күрең күз, сары күз, ал­тын күз, т.б. деп бірнеше мезгілге бөлген. Сол талдауға жүгінсек, қазір жылауық күз (ай). Өйткені, бұл айда сылбыр жауын-шашын, өрекпіген жел көп бола­ды.

Қазір егін орылып, қырман қызып жатқан қарбалас кез. Диқан ала жаздай төккен терінің жемісін жиып жатыр. Мұндайда ауыл қарттары мен жастары қырман бастырып жатқан шаруалар қо­сынан табылып, ақ тілегін білдіріп, қол көмегін беріп, бұйырған кеусенін (жаңа егіннен түскен өнімнен берілетін сыбаға) алып кететін болған. Бұл амал жөнінде алдағы пайымымызда айтамыз.

Алдымызда «Масақ» амалы келе жатыр. "Табиғат тамыршысы" атанған кө­некөз қазақ қарттарының есебі бойынша, мизамның (қыркүйектің) 10–15 аралы­ғында жүреді. Осы мезгілде егіні жинал­ған алқапқа малшылар мал жаяды, кәрі-құртаң, бала-шаға және артық еңбек күштері атыздың масағын тереді. Сол себепті, амалдың атауы «масақ» деп аталған.

Күздің басы – қыркүйек. Үркер шоқжұлдызының бас көтеруі күйек уа­қытының келгенінен хабар бергендей. Малшылар «оһо, Үркер бас көтеріпті ғой, күйектің алынар кезі болып қалып­ты» деп бір-біріне айтып жатады. Айдың атауы мал шаруашылығына байланысты қойылса керек. Қой мен ешкінің төлдеу мерзімін жылдың жылы айларына келті­ру, малдың қоңын көтеру мақсатында жаздың басында қошқар мен текелерге күйек байлаған. Ал осы байланған күйек тоқсан күннен соң алынып, аталық мал­дар еркіндікке жіберілген. Осыған орай қыр қазақтары күйек ағытатын уақытты «қыркүйек» деп атаған.

«Үш ай тоқсан болғанда,

Құтылар қошқар күйектен..,

деп басталатын халық жыры бұл ойы­мызды нақтылап тұрғандай.

Қыркүйектегі ауа райы: күн салқын­дайды, шық түседі, жиі жаңбыр жауады, шуақты күндері де бар «Мизам шуақ» деген. Айдың екінші онкүндігінде ауа райы суытқан кезде болатын шуақ. Дала­да мизамдар шұбатылып, төңіректе ты­ныштық орнайды...

«Сүмбіленің тууы» амалы да осы айдың еншісінде. Қыркүйектің соңғы онкүндігі ауа райы салқындап, судың суыйтын кезі. «Сүмбіледе су суыйды» деген осы мезгіл. Қыркүйектің суық ай­лардың керуенін бастап тұрған көшбас­шы ай екенін өткенде жазғанбыз.

Біздің бабаларымыз қыркүйек (ми­зам) айын қуана қарсы алған. Келуін асыға күткен. Бұл ай - ел байлығының еселенетін, көктемгі-жазғы шаруашылық жұмыстарының қорытындыланатын уа­қыты.

Үркердің басын көтергеніне, Таразы­ның туғанына қарамастан, күн әлі жылы қалпын сақтауда. Өткенде ғана жаңа ай туды. Бүгін григорианша айдың – 1-і, мұсылманша – 4-і, қазақша – 9 күннен кейін жаңа ай басталады. Айдың туысы көңілді қуантқандай, тым шалқалап жат­қан жоқ. Дегенмен, айдың басы өз­геріссіз болмайды. Күздің күні тұрақсыз. Сондықтан егін жинауды, жөндеу жұ­мыстарын, қысқа әзірлікті, басқа да кезек күттірмейтін шаруаларды жедел жүргізе берген дұрыс.