Қырғыз елі әскери әлеуетін арттыра бастады

Қырғыз елі әскери әлеуетін арттыра бастады
smotrim.ru

13 маусымда көрші елдің Президенті Садыр Жапаровтың басшылығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Онда жаңа әскери доктрина жобасы таныстырылды. Елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық құжат Мемлекет басшысының тікелей бақылауында дайындалған.

Отырысқа қатысқан бас штабтың басшысы Эрлис Тердикбаевтың сөзінше, әскери доктринаның мақсаты елдің суверенитетін қорғау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен агрессияға жол бермеу.

Доктринада «агрессия» сөзін қолданудың астарында саяси мән жатыр. Көрші елдің әскери идеологиясы бұл сөзді өткен жылғы әскери қақтығыстан кейін жиі қолдануда.

2022 жылы Қырғыз елінің әскери күштеріне ауыр жүк түсті. Жыл Тәжікстанмен қарым-қатынастың нашарлауынан басталды. 27 қаңтардан бастап 9 ай бойы шекара аймақта кішігірім әскери қақтығыстар болды. Олардың саны қыркүйекте 14-ке жетті. Екі ел арасындағы даулы мәселені дипломатиялық жолмен шешу мүмкін болмады.

Шекарадағы даудың шарықтау шегі қыркүйек айына тура келді. Бір аптаға жалғасқан әскери қақтығыс нәтижесінде екі жақтан да адам шығыны тіркелді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, қырғыз тарапынан 63, ал тәжік тарапынан 59 адам мерт болған.

Екі жақ та әскери қақтығыста бірін-бірі айыптады. Қырғыз тарапы көрші елдің әрекетін территориялық тұтастықты бұзатын әскери акт агрессиясы деп бағалады. Бір қызығы, Тәжік билігі де қарсы жақтың әрекетін әскери акт агрессиясы деп мәлімдеген. Бірақ олар Қырғыз тарапының басты мақсаты трансшекаралық су қорын шектен тыс игеру екенін айтты.

Кеңес үкіметінен бері Орталық Азияда жер мен су ресурсы даулы мәселеге айналған. Тәжікстан территорияны 1924– 1939 жылдардағы картаға сүйеніп бөлу керек деп есептейді. Ал Қырғыз тарапы 1958-1959 жылдардағы картаны дұрыс дейді. Жерді бұлайша бөлу суға таластан туындаған. Себебі, даулы территорияның басым көпшілігі таулы жер болғандықтан, ондағы басты ресурс су.

2021 жылы болған әскери қақтығыс Исфар өзеніне таластан пайда болды.

Өзенде «Головной» су бөлетін пункт орналасқан. Екі жақ та оны өзіне тиесілі деп есептейді.

Әскери қақтығыс 28 ақпанда басталған. Оған Тәжік тарапының судың бөліну көлемін бақылайтын видеокамераларды орнатуы себеп болды. Әскери әрекеттер мамырға дейін созылды. Қарулы қақтығыс нәтижесінде Қырғыз тарапынан 36, ал Тәжік жақтан 20 адам мерт болған.

Аталған оқиғалардан кейін Бішкек елдің шекаралық қорғаныс саласына ерекше мән бере бастады. Әсіресе, бұл бағытта Ресей мен Түркия елдерімен ынтымақтастықты күшейтті.

2021 жылы Түркиядан 3,5 млн АҚШ долларына «Bayraktar» сатып алынды. Алынған 40 әскери дронды Тәжікстанмен шекаралас Баткен облысының қорғанысын күшейтуге бағаттады. Мұнымен бұл жұмыс тоқтап қалған жоқ. Себебі, шекарадағы қақтығыстар 2022 жылы да жалғасты. Осыған орай, 13 қыркүйекте әскери дрондар орналасатын арнайы база ашылды.

Қарулы күштерді әскери дрондармен қамтамасыз ету жұмысы биыл да жалғасты. 17 қаңтарда Түркиядан ANKA моделіндегі әскери дрондар сатып алды. Осылайша қарулы күштер әскери дрондардың Bayrak­tar TB2, Aksungur, Akıncı и ANKA сияқты барлық түрімен қамтылды.

Әскери салада Ресеймен де ынтымақтастық орнатылуда. Өткен жылы Мәскеуде Ресей мен Қырғыз Республикасы арасында ортақ аймақтық әуе қорғанысын құру туралы мәмілеге келді. Бұл келісім биыл күшіне енді.

Әлемдік сараптама орталықтары Қырғыз елінің әскери әлеуеті Тәжікстаннан жоғары екенін айтуда. Биылғы Global Fire­power индексінде Қырғыз Республикасы 107-орынды иеленген. Ал Тәжікстан 120-орынға жайғасқан. Дегенмен, соңғы үш жылда екі мемлекет те өз позицияларын жоғалтуда.

Су дауы екі ел арасында ғана емес, тұтас Орталық Азияға да қатысты мәселе. Әсіресе, Қазақстан көрші елдердің су ресурсына тәуелді. Сондықтан су дауларын бейбіт, дипломатиялық жолмен шешуге біз мүдделіміз. Аймақтағы үздіксіз әскери әлеуетті арттыру түрлі қақтығыстарға алып келуі мүмкін.