Кенжехан Матыжанов: Қаралы күннің түндігін серпіп, қуанышты, бейбіт күнге айналдыруға күш салайық, ағайын!!!

Кенжехан Матыжанов: Қаралы күннің түндігін серпіп, қуанышты, бейбіт күнге айналдыруға күш салайық, ағайын!!!
inform.kz

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында Алматыда орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұрындары виртуальды өмірден тамашалап, ішімізді тартып жүрген үрейлі оқиғалардың дәл біздің қазақ елінде орын алуы жүрегімізді қан жылатты! КЕШЕ ҒАНА ЖАЙНАП ТҰРҒАН АЛМАТЫ ҚАЗІР ҚАНДАЙ КҮЙГЕ ТҮСТІ?! Баршамыздың мақтанышымыз емес пе еді!? Қалай ғана қолы барып, көзі қиып қиратты екен?!

Халқымыздың "Жараңды жатқа білдірме", "Досқа күлкі, дұшпанға таба болма", "Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңіледі", "Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа" деген сияқты халық даналығын қалайша естен шығардық!? "Жау жоқ деме, жар астында..." дегеннің кері келді.

 Айналайын ағайындар, егер біз отбасымыздың берекесін тілесек,  халқымыздың қамын ойласақ, еліміздің ертеңіне алаңдасақ, есімізді жиып, жедел сабырға келуіміз қажет. Ниеті бұзықтардың арандатуына еріп, дүлей күштің жетегінде кетіп, орны толмас өкінішке тап болған бауырлар, райларыңнан қайтыңдар! Туған елің, халқың, жұртың, отбасың, ата-анаң, бала-шағаң үшін теңдессіз бақыт - туған Отанымыздағы еркін еңбек пен алаңсыз бейбіт өмір. Егемендіктің арқасында басымызға орнаған бағымыздың қадіріне өзіміз жетпесек, жанымызды салып қорғамасақ, оны бізге ешкім де сыйға тартпайды. 

Сондықтан да барша қазақ елі, өзіміздің Президентіміздің төңірегіне тастүйін болып топтасуымыз керек. Осындай сын сағатта бір тудың астына топтасу - біздің елдігімізге сын!  Қандай қиыншылықты да дана халқымыз "бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара" отырып жеңген.

Біз бір болсақ қана қаралы күндерді артқа тастап, жарқын болашаққа жете аламыз!
Қаралы күн біздің бірлігімізді бұрынғыдан да арттыра түсін!!! Қазақ елі тұтас болайық, бекем, берік болайық!!! Сонда ғана "жат жанынан түңіледі"!