Кемел шағын ауданында отбасылық-дәрігерлік амбулатория қарашада жұмысын бастайды

Кемел шағын ауданында отбасылық-дәрігерлік амбулатория қарашада жұмысын бастайды
Сурет: Alataunews.kz

Халықты денсаулық сақтау объектілерімен қамтамасыз ету жұмыстары шеңберінде Кемел шағын ауданында ауысымына 200 адамды қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталды.

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Жетісу ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде мәлім болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Амбулатория жұмысын қараша айында бастайды.

«Бұдан бұрын Әкімдік емханалар салу үшін Омаров көшесінде ауысымына 300 адам, Нүсіпбеков көшесінде 200 адам және Рабочий поселокта 240 адам келетін 3 ғимарат сатып алды. Биылғы жылы әкімдік оларды жөндеп, жабдықтауға 2 млрд (1,96 млрд.) теңгедей бөлді.

Қазіргі таңда Рабочий поселоктағы емхананы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Медициналық жабдықтар орнатылғаннан кейін жаңа қалалық емхана желтоқсан айында ашылады», - деді қала басшысы Е.Досаев.

Нүсіпбеков және Омаров көшелеріндегі екі ғимаратты күрделі жөндеу бойынша конкурстардың өткізілмеуіне байланысты жұмыстар қараша айында басталады. Жұмыстар 2024 жылдың маусым айында аяқталады деп жоспарлануда.