Қазақстанда волонтерлер саны 200 мыңнан асады

Қазақстанда волонтерлер саны 200 мыңнан асады
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

 Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында Халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр.

Оған 34 елден 140-тан астам ерікті қатысып жатыр. Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадіров кейінгі үш жылда волонтерлер саны үш есеге көбейгенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Елімізде волонтерлік қызметтің дамуына үлкен мән беріліп жатыр.  2019 жылы волонтерлік ұйымдардың саны 50-ден астам болса, қазіргі таңда 680-ге жетіп отыр.

Сонымен бірге волонтердің саны 2019 жылы 50 мың болса, қазір республика бойынша волонтерлер саны 200 мыңнан асып отыр», - деді ол.

Вице-министр былтыр құрылған Орталық Азия волонтерлер хабының қалай жұмыс істеп жатқанына тоқталды.

«Жыл бойы хаб жұмыс істеді, Орталық Азия елдерінің волонтерлері осы хабтың маңына топтасты. Биыл көптеген өзге елдерден ұсыныстар келіп түсіп жатыр. Олар да осы хабқа қосылғысы келеді. Түркия мен Әзербайжан да осы хабқа қосылып, тәжірибе алмасқысы келеді. Бүгінгі форумда осы мәселе де талқыланады. Кеше Астанада Халыақарлық волонтерлік орталығы ашылды.

Орталық Азия елдері волонтерлерінің хабы қазақша айтқанда, асардың рөлін атқарып отыр. Бір апат, зілзала болса, біздің волонтерлеріміз халықаралық деңгейдегі көмекті үйлестіру үшін жұмыс істейтін болады. Бұл бағытта Қазақстан Орталық Азия бойынша өте жақсы алға жылжыды деуге болады», - деді Данияр Қадіров.