Ауылдағы волонтерлік ұйымдарға 1 млн теңгелік гранттар беріледі

Ауылдағы волонтерлік ұйымдарға 1 млн теңгелік гранттар беріледі
Сурет: ашық дереккөз

Ауылдағы волонтерлік ұйымдарға 1 млн теңгелік гранттар берілмек ,деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Астанадағы бейбітшілік және келісім сарайында өтіп жатқан Халықаралық волонтерлер форумының кулуарында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадіров осындай мәлімет айтты, деп жазды Қазақпарат.

«Былтыр 4 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Волонтерлік қызмет туралы» Заңға қол қойды. Ол заңда волонтерлік қызметтің жұмысына қолайлы жағдай жасау шаралары қарастырылған. Еріктілердің оқуға, жұмысқа түсуі кезінде басымдықтар болады. Сонымен бірге, қазір волонтерлік ұйымдарға негізінен жиналған жүкті сақтайтын қоймалар керек. Сол қоймаларды жергілікті органдар төмен бағамен немесе тегін беретіндей заңды тетіктер көзделген», - деді вице-министр.

Оның сөзінше, 2023 жылы волонтерлік ұйымдарды қолдау үшін 54 жоба қолға алынған.

«Соның ішінде 250 шағын грант беріледі. Әр гранттың сомасы 1 миллион теңгедей болады. Екі жылға дейінгі мерзіммен беріледі. Ол гранттардың көбі ауылды жерде волонтерлік ұйымдарды қолдауға бағытталып жатыр», - деді Данияр Қадіров.