Қазақстанның қос панчері Азия чемпионатының үздік бестігіне енді

Қазақстанның қос панчері Азия чемпионатының үздік бестігіне енді
Сурет: Inform.kz

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында ММА бойынша Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Азия біріншілігіне 18 елден 200 шақты спортшы жиналған. Қазақстанның атынан ұлтық құраманың 37 спортшысы қатысып жатыр. Финалға шығу үшін 23 қазақстандық бақ сынаса, оның 15-і жекпе-жекті жеңіспен аяқтады.

Үшінші күн қазақстандық спортшылар үшін жарқын жекпе-жектермен және мерзімінен ерте жеңістермен ерекшеленді. Бірден екі қазақстандық панчер – Ерұлан Қабдулов пен Алик Домнич үздік мәрелердің ТОП бестігіне енді.

Жарыс күнін Қазақстан құрамасы 47,6 келі салмақта Түймегүл Жүністің жеңісімен ашты. Ол үндістандық спортшы Хушбу Нишадты ұтып, жеңіске жетті.

52,2 келі салмақта Ерұлан Қабдулов Үндістаннан келген Шабариш Аянарды үшінші раундта нокаутқа түсірді. Дархан Исмағұлов пен Руслан Әбдірахманов тәжікстандық спортшылар Вохид Шохидзода мен Исрофил Комилзодадан төрешілерінің шешімімен жеңіліп, қола жүлдегер атанды.

Қыздар арасында дәл осы салмақта Матильда Бачурина бірінші раундта тәжікстандық Ватансултон Шакаршоеваны «гильотина» қылқындыру әдісімен жеңді.

56,7 келі салмақта Оңғар Смағұл моңғолиялық Отгонбаатар Болтбаатардан «гильотинаға» түсіп, «қола» иегері атанды. Ал, Ерсұлтан Шәкенбай өзбек Мұхаммедсиддик Юлдашевты төрешілер шешімімен жеңді.

Қыздар арасында осы салмақта Инас Әшірбек пен Әйгерім Төреханова сынға түсті. Инас Бахрейн атынан шыққан бразилиялық Фабиола Сильвадан техникалық нокаутпен ұтылып, қола жүлдегер атанды. Ал, Әйгерім Төреханова пәкістандық Еман Ханмен қиын белдесуде төрешілердің шешімімен жеңіске жетті.

61,2 келі салмақтағы Адель Махаметова тәжікстандық Манижа Самадованы бірінші раундта техникалық нокаутпен жеңді.

Бұл салмақта ерлер арасында Салауат Қаби тәжікстандық Акром Ұзақовтан төрешілер шешімімен жеңілді. Шыңғыс Ыдырысов та ұпай саны бойынша Тәжікстан жастар құрамасының ең мықты спортшысы Отабек Раджабовтан жеңілді. Екі қазақстандық та қола жүлдеге қол жеткізді.

Жастар арасында 65,8 келіге дейінгі салмақта Самғат Шабдан тәжікстандық Сухробжон Чакаловты төрешілер шешімімен жеңді.

70,3 келі салмақта Белгібай Әділбек бірауыздан ливандық боксшы Тони Боу Рачеданы жеңді. Неймат Асадов тәжікстандық Масуд Одинаевтан жеңіліп, қола жүлдегер атанды.

Қыздар арасында осы санаттағы жартылай финалдық кездесуде Жанерке Жамалова өзбекстандық Угилой Джумановаға есе жіберді.

77,1 келіге дейінгі жартылай орта салмақта белдескен Досжан Кенжебаев төрешілердің бірауыздан шешімімен өзбекстандық боксшы Мунис Муминжоновты жеңді. Даниил Губин өзбек спортшысы Шахриёрбек Маматқұловтан ұпай саны бойынша ұтылып, үшінші орынға ие болды.

83,9 келіге дейінгі орта салмақта Денис Черепенко тәжікстандық спортшы Тохир Валиевті «үшбұрыш» қылқындыру әдісін қолданып, мерзімінен бұрын берілуге мәжбүр етті. Ал, Диас Осер Сүлейдің шешімімен тәжікстандық Довиджон Зиёевті жеңді.

93 келіге дейінгі салмақта Алик Домнич тәжікстандық Абдулло Назаровты нокаутқа түсірді.

Аса ауыр салмақтағы Нұрәділ Қайырбергенұлы қарсыласы өзбекстандық Шохджахон Тұрақұловпен тең жекпе-жек өткізді. Төрешілер біржақты шешім шығара алмай, қосымша раунд жариялады. Оның қорытындысы бойынша минималды басымдықпен жеңіс Тұрақұловқа берілді.

120,2 келіден аса салмақта Расул Хатаев бірінші раундта тәжікстандық Абдубашир Бафоевты «қолмен үшбұрыш» қылқындыру әдісімен жеңді.