Қазақстандық паралимпиадашылар Бейжіңге ұшып кетті

Қазақстандық паралимпиадашылар Бейжіңге ұшып кетті
Cурет: Pixabay / Wil Serrano

Қазақстанның ұлттық паралимпиада құрамасының құрамына 5 спортшы кірді

Қазақстанның паралимпиада құрамасы қысқы ойындарға қатысу үшін Бейжіңге ұшып кетті. Олар 25 ақпанда кешкі рейспен жолға шықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Бейжің – 2022 XIII қысқы Паралимпиада ойындары 2022 жылдың 4-13 наурыз аралығында өтеді, оған әлемнің 50 елінен 700-ден астам спортшы қатысады.

Ұлттық паралимпиада комитетінің хабарлауынша, Қазақстанның ұлттық паралимпиада құрамасының құрамына 5 спортшы кірді. Олар: Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко.

Қазақстанның паралимпиадашылары екі спорт түрі бойынша өнер көрсетеді: пара шаңғы жарысы және пара биатлон.

Ойындардың ашылу салтанаты 2022 жылдың 4 наурызында Нұр-Сұлтан уақытымен 22.00-де өтеді.

Пара шаңғы жарысы бойынша Әлем кубогының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Хамитов Қазақстан Паралимпиада құрамасының ту көтерушісі болып бекітілді.