Қазақстандық бір топ ғалым Моңғолияға экспедицияға аттанады

Қазақстандық бір топ ғалым Моңғолияға экспедицияға аттанады
Сурет: Qazaqtv.com

Моңғол ұлты мен байырғы рулардың қазақ генетикасымен сәйкестігін анықтау мақсатында қазақстандық бір топ ғалым  Моңғолияға экспедицияға аттанады.

Зерттеушілер еліміздің азаматтарынан жиналған гендік тест пен қан үлгілерін Моңғолияның кіші этникалық топтарының азаматтарымен салыстырмақ. Осылайша, ғалымдар ортақ туыстық белгілер мен этникалық сәйкестіктерді анықтайды, деп Almaty-akshamy.kz

Зерттеудің мақсаты айқын, енді оны іске асырып, нәтижесін этногенез саласындағы ғылыми жаңалық ретінде жариялау жоспарда бар.

"Ол жақта да әртүрлі моңғол тілдес этникалық топтар бар. Солардың әртүрлілігін зерттейміз генетика арқылы. Қазіргі тұрып жатқан моңғол тектес топтардың қайсысы жақын, қайсысы алыс екенін анықтау үшін сол жаққа барып, этнографиялық деректерін жинаймыз, сонымен қоса днк-сын жинаймыз", -  ҰБО адам генетикасы зертханасының меңгерушісі Мақсат Жабағин.

Қазақ ғалымдары Моңғолия жерінің бұрын осындай зерттеу жүргізілмеген батыс және шығыс өңірлерін қамтымақ. Тұрғындардан жиналған ДНҚ үлгілері арнайы биобанкте сақталып, елге жеткізіледі.

 "Моңғолияның негізгі халқы жақсы зерттелген, оны әрі қарай қазбалау мақсатымыз емес. Бұрын ғалымдар назарына көп ілікпеген топтар бар. Найман, қоңырат, керей секілді ірі рулар 700-ден аса жыл бұрын Моңғолияда тұрып, көшпелі дәстүр кезеңінде қазақ жеріне қоныс аударған. Солардың еліміздегі басқа да рулармен гендік сәйкестігін білеміз", - ҰБО Бас директоры Ерлан Раманқұлов.

Қазақ халқы Жер бетінде өз шежіресін жақсы білетін аз ұлттардың қатарында, дейді ғалымдар. Заманауи ғылым мен технология оны дәлелдеуге мүмкіндік беріп отыр. Өкініштісі, көшпелі халқымыздың тарихи оқиғалары сақталған жазбалар аз. Деректі материалдар тапшылығын ескерсек, тың мәліметтер тарихшылар, археологтар мен палеонтологтар үшін құнды болары сөзсіз.