Аспандағы айқастың алыбы

Аспандағы айқастың алыбы
Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Батыр ұшқыштың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.

28 панфиловшылар саябағында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің 100 жылдық мерейтойына орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Ондағы әскери шеруде 800-ден астам әскери қызметкер бой көрсетті.  Саябақ алаңына аты аңызға айналған ұшқыш-жауынгердің музейлік экспонаттары, мұрағат құжаттары қойылды. Сондай-ақ, сирек кездесетін қолжазбалары мен кітаптары, суреттерден тұратын тың дүниелері көпшілік назарына ұсынылды.

«Талғат Бигелдинов қазақтың ұл-қыздарына өшпес өнегелі ізін қалдырған. Ол - көк жүзінде қаһармандық ерліктердің ерекше үлгісін көрсетіп кеткен аты аңызға айналған даңқты тұлға. Кеңес Одағының батыры Талғат Бигелдинов соғыста екі жылын ғана өткізді. Осы уақыттың ішінде 305 әскери шабуылға қарсы шығып, көптеген командалық тапсырмаларды орындаған. Берлин үшін жүргізілген шайқастарға қатысып, мыңдаған жауынгерлермен бірге елімізге батыр болып оралды. Келешек ұрпаққа өмір сүрудің лайықты үлгісін қалдырды. Біздің міндетіміз – оның өмірі мен қызметін кейінгі ұрпақтың мәңгі есінде қалдыру», – деді Медеу ауданының  әкімі Еркебұлан Оразалин.

Мерекелік іс-шара аясында Қорғаныс министрлігі Алматы филиалы әскери-техникалық мектебінің 130 түлегі Отанға адал болуға Ант берді. Жоғары техникалық мектеп курсанттары еліміздің елеулі батырларын құрметтеп, еске алды. Осы ретте мектеп әскери-патриоттық тәрбие берудің орталығы бола отырып, әскерге шақырылуға дейінгі және әскерге шақырылатын жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге үлкен көңіл бөлетіндігін де ерекше атап өткеніміз жөн.

«Бұл шараға Алматы қалалық гарнизонының бүкіл әскери қызметшілері қатысты. Іс-шара жақсы өтті деген ойдамын. Мен өзім Халық Қаһарманы атағын алған кезімде  мен ол кісімен бір сапта тұрған едім. Талғат Бигелдинов «Отан» орденімен марапатталған еді.  Ол кісіні көріп, дидарласу менің арманым болатын. Сол кезде қолын алып, жылы лебізіне бөленген едім. Біз батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз, жастарымызға үлгі-өнеге көрсету мақсатында осындай іс-шараларға алып келеміз. Гүл шоқтарын қойдырып, осы аталарымыз секілді болуларына тілек білдіреміз», – дейді Халық Қаһарманы, подполковник Азамат Жұмаділов.

Аталмыш іс-шараны Генералдар кеңесі мен «ҰОС ардагерлері, тыл еңбеккерлері және соғыс балалары кеңесі» қоғамдық қоры ұйымдастырған.

«Талғат Бигелдиновтің 100 жылдығына орай әскерилер арасында көптеген іс-шаралар, тәрбие сағаттары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, даңқты батырдың ерлік істері туралы «Әуеге көтерілу» деректі фильмі көрсетілді. Жастардың шамшырағына айналған атамыздың мерейлі мерекесі еліміз бойынша жоғарғы деңгейде өткізіледі деп сеніммен айта аламын. Болашақта осы Алматы қаласында батырдың рухына арнап ескерткіш-тақта қою ойымызда бар. Қалалық әкімдікке ұсынып, ол кісілердің мақұлдауын күтетін боламыз. Алайда, ол кісінің жалғыз өзінің ескерткішін емес, шабуылдаушы ұшқыштар Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов және жойғыш ұшақ ұшқышы С.Луганскийдің біріккен ескерткішін қоямыз деген ойдамыз», – дейді ҚР Қарулы Күштері Аэро-десанттық-шабуылдаушы әскерлер қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Раджан Жанысов.

Әскери әуе жолдарын бағындырған, аспан адамы атағына ие болған қаһарман атамыздың есімі әлдеқашан-ақ сол аспан биігіне дейін шарықтап кетті. Анталаған жауға тұтқиылдан соққы беріп, есеңгіреткен есіл ер өз өмірінде 305 рет көкке көтерілген  екен.  Шайқастарда ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте алған қазақ халқының мақтанышы. Талғат ағамыздың артынан ерген ұрпақтары бүгінгі күні өз естеліктерімен бөлісіп, болашақ ұрпаққа батырдың табандылығы мен қайраткерлігін баян етуде.

«Мерекелік іс-шараға әкемнің көзін көрген жандар келіп жатыр. Сырбаз сарбаздардың сап түзегенін көріп, көңіліміз жанданып отыр. Ұйымдастырушыларға ерекше алғысымды білдіремін. Жігіттерімізге қарап біздің қаламыз қандай әсем деп таңданамын. Бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымызға  қатты қуанамын, соғыс пен қақтығыстар болмасын деп тілеймін. Жастарымыздың әкеміз секілді ержүрек, батыл, қайратты болғандарын қалаймын. Соғыс өрті сейілген бейбіт жылдары Талғат Жақыпбекұлы азаматтық авиацияны басқарды. Мәскеудегі құрылыс институтын бітіріп, зәулім ғимараттарды тұрғызуға атсалысты. Міне, біздің әкеміз осындай жауынгер жан болғанына қатты қуанамын. Еліміздің барлық жастары сол кісі секілді болғанын қалаймын», – дейді қызы Галия Бигелдинова.

Маңдайына ерекше тағдыр жазылған қазақтың осындай арда азаматы болғанына біз де мың да бір шүкіршілік айтамыз.

«Мерекелік кешке елімізге елеулі тұлғалар келді. Атамыздың өнегелі өмір жолына қарап отырып, біздер үлгі аламыз. Менің сүйікті батырым да дәл осы кісі. Ұлағатты сөздері менің жадымда мәңгі сақталады. Біз Талғат атамыздың ұрпағымыз. Ол кісінің жолымен жүру біздің борышымыз. Ағайын-туыс, дос-жарандарым маған Талғат атамызға түр-келбетің, мінезің ұқсайды деп жатады. Сол себептен, мен бақытты ұланмын деп айта аламын», – дейді лейтенант Іңкәр Алтай.

 Талғат атамыздың достары мен әріптестерінің естеліктеріне сүйенсек, ол өмірде ақжарқын, қарапайым, өзінен көмек сұрап келгендерге әрдайым қол ұшын созып, көмектесетін кеңпейілді адам болған. Талғат Бигелдинов - қоғамға танылып, халықтың махаббатын тірі кезінде сезініп кеткен жан.