Қазақстанда жастарды жұмысқа ынталандыру үшін не істеліп жатыр?

Қазақстанда жастарды жұмысқа ынталандыру үшін не істеліп жатыр?
Сурет: Grp.kz

Үкімет жоспары айтылды.

Қазақстан Үкіметінің жастарды жұмысқа ынталандыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

«Жастарды жұмысқа тарту және ынталандыру үшін еңбек заңнамасына «жас қызметкер» ұғымын енгізу, олар үшін сынақ мерзімін алып тастау, басқа өңірлерден жұмысқа келген жастар үшін тұрғын үй жалдауға көтерме жәрдемақы енгізу жөнінде шаралар қабылданатын болады», - делінген Еңбекмині баспасөз қызметінің хабарламасында.

Мамандардың айтуынша, көп балалы отбасылар (76,8 мың) және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар (7 мың) үшін барлық өңірлерде қолданыстағы үлгідегі әйелдерді қолдау орталықтарын құру жоспарлануда. Бұл орталықтарда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетілетін болады.

Жоғарыда көрсетілген шаралар нақты қажеттіліктер бойынша әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға, жастардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге, балалы отбасыларға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Еңбек нарығына талдау жүргізілді және назар аударуды талап ететін негізгі аспектілер айқындалды, атап айтқанда, жұмыспен қамтылғандардың 15,2%-ы тек орта білімге ие, түлектердің 40%-дан астамы мамандық бойынша жұмыс істемейді, жастардың 34,1%-ы мамандықты өз бетінше таңдамады. Сарапшылардың болжамы бойынша, алдағы 5 жылда қызметкерлердің дағдылары мен талаптардың 40%-ға жуығы өзгереді.

Осы мәселелерді шешу үшін мынадай шаралар жоспарланып отыр:

- бизнеспен бірлесіп, кәсіпорындар жанындағы оқу орталықтары базасында жаппай қайта даярлаудың, біліктілікті арттырудың «фабрикаларын» құру қажет. Жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға ерекше назар аудару жоспарлануда;

- сұранысқа ие дағдыларды тану жүйесін енгізу. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбекмині «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын әзірледі. Оның шеңберінде біліктілікті танудың тәуелсіз орталықтарын құру үшін тиімді жағдайлар жасау, жыл сайынғы сертификаттаудан өту үшін ізденушілерге кемінде 1000 ваучер ұсыну көзделеді. Яғни, бір реттік ваучер негізінде жұмыссыздар кейіннен жұмысқа орналасу үшін өз біліктілігін растай алады;

- skills.enbek.kz платформасы арқылы жаңа білім мен дағдыларды игеру үшін жағдай жасау. Портал 2021 жылы жалпы ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыру, мансаптық дамуды ынталандыру және «Өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында іске қосылды. Бұл - Coursera сияқты халықаралық онлайн оқыту платформаларының аналогы;

- оқушылар мен жастар арасында кәсіптік бағдарлауды ұйымдастыру үшін мансаптық ілгерілеу бойынша кемінде 100 нұсқаулық әзірлеу. Сұранысқа ие кәсіптер мен перспективалы дағдылардың тізімі жыл сайын жаңартылып отырады.

Бұл шаралар жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрлар даярлауға, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар туралы хабардар етуге, оларға мамандық таңдауда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Вице-министр сондай-ақ, ағымдағы жылдан бастап мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне сәйкес экономиканың басым салалары бойынша ұлттық жобаларды іске асыру басталғанын, олардың негізгі міндеті жұмыс орындарын құру болып табылатынын атап өтті.

«Өңірлердің орта мерзімді кезеңге арналған даму перспективаларымен жұмыс орындарын құру бойынша міндеттерді біріктіруді қамтамасыз ететін кешенді құжаттар болып табылатын өңірлік жұмыспен қамту карталары қалыптастырылды. Жалпы, 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам, оның ішінде 600 мыңнан астам тұрақты және 1,4 млн-нан астам уақытша жұмыс орындары құрылатын болады. Барлық құрылған жұмыс орындары «Жұмыс орындарын құрудың интеграцияланған картасы» ақпараттық жүйесінде визуалданатын болады. Жергілікті атқарушы органдардың алдына жүйені сапалы толтыру міндеті қойылды.Екі айдың қорытындысы бойынша шамамен 65 мың жұмыс орны немесе жылдық жоспардың 15% (444,4 мың) құрылды, оның ішінде 16 мыңнан астамы тұрақты», – деп хабарлады Ержан Біржанов.

Өз сөзінің соңында ол, Еңбекмині жаңа трендтерге сәйкес, халықты жұмыспен қамту саласын цифрландыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Негізгі мақсат – бизнес-үдерістерді толығымен қайта қарау, проактивті форматқа көшуді жүзеге асыру. Ол үшін біз бірыңғай цифрлық экожүйені құратын боламыз, оған мынадай сервистер кіреді: Электрондық еңбек биржасы – enbek.kz, қысқа мерзімді онлайн курстар порталы – skills.enbek.kz, фрилансерлер үшін жұмыс іздеу қызметі – freelance.enbek.kz, еңбек шарттарын есепке алудың электрондық жүйесі – ehr24.kz, кәсіпкерлікті дамыту шараларын көрсету жөніндегі автоматтандырылған жүйе – business.enbek.kz. Бұл сервистерді Еңбекмині «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мамандарымен бірлесіп дербес әзірлейді», – деп қорытындылады Ержан Біржанов.