Іле-Алатау паркінің аумағында экологиялық рейд өтті

Іле-Алатау паркінің аумағында экологиялық рейд өтті
сурет: Qazaqstan3d.kz

Қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау және сұрыптауды енгізу жөніндегі жол картасы жасалды.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында экологиялық рейд өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Шараға парк қызметкерлерімен бірге Алматы қаласы туризм басқармасы мен табиғатты қорғау полициясының өкілдері, еріктілер, «Kaz Eco Patrol» РҚБ, орманшылар, мемлекеттік инспекторлар қатысты. Бірлескен іс-шара барысында экологиялық заңнаманы бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, орман фаунасын жою және зақымдау, сондай-ақ қалдықпен ластауға қатысты 1 факт тіркелді. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережесі мен орманның санитария ережесін сақтамауға қатысты 3 факті тіркелді.

Айта кету керек, Іле-Алатау паркіне жыл сайын 250 мыңнан астам турист келеді. Олардың көбеюіне байланысты ұлттық парк антропогендік факторлардың әсерін азайту үшін турист маршруттары мен соқпақтарын үнемі қадағалап отыруы керек.

«Қатты тұрмыстық қалдықты бөлек жинау және сұрыптауды енгізу жөніндегі жол картасы жасалды. Оны жүзеге асыру барысында 2020 жылы 2 заманауи қоқыс тасығыш, қатты тұрмыстық қалдықты жинауға арналған 135 контейнер және органикалық және тамақ қалдығына арналған 90 контейнер сатып алынды. Жыл басынан бері саябақ аумағынан 400 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сондай-ақ, өрт қаупі жағдайын ушықтырмас үшін 4 тамыздан бастап саябақ аумағында от жағуға тыйым салынды. От жаққан және қоқыс тастаған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады», делінген министрліктің хабарламасында.