Қазақстанда жас журналистер мектебі ашылады

Қазақстанда жас журналистер мектебі ашылады
Сурет: Presscenter.kz

Бұған 300 жас қазақстандық қатыса алады.

Әлеуметтік жоба жас журналистердің кәсіби құзыреттілік деңгейін арттыруға, коммуникация құруға арналған жаңа алаңдарды қалыптастыруға, жас журналистердің шығармашылық және қоғамдық белсенділігін ынталандыруға бағытталған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  Elorda.info-ға сілтеме жасап.

«Жобаның маңызды міндеттерінің бірі – жас журналистердің кәсіби құзыреттілігін арттыру. Медиа  мамандарына онлайн форматта жұмыс істеу ыңғайлы болғандықтан, біз электронды платформаны дайындайтын боламыз. Мұнда жоба қатысушылары үшін оқыту курстары мен жаңалықтар порталы қолжетімді болады», – дейді «Қазақстан жастар конгресі» ЗТБ директорының орынбасары Камила Амуртаева.

Сондай-ақ жас журналистерге 20 шағын грант бөлінеді. Ал Нұр-Сұлтан, Шымкент және Ақтөбе қалаларында жастарға арналған пікірталас алаңдары жұмыс істейді.

«Форумдар үш күндік оқыту форматында өтеді. Біз журналист болуды армандайтын жас азаматтарды, журналистика факультеттерінің студенттерін, жас мамандарды жинаймыз. Форум қатысушылары теориялық қана емес, практикалық тұрғыда білім алуы үшін медиа саласының сарапшылары мен кәсіпқойлары жобаға тренерлер ретінде шақырылады», – деді Камила Амуртаева.