Қазақстанда дәстүрлі сот орнына виртуалды "Болашақтың соты" енгізілмек

Қазақстанда дәстүрлі сот орнына виртуалды "Болашақтың соты" енгізілмек
Сурет: Aikyn.kz

Әзірге сот саласын коррупциялық жанжалдар, биліктің жемқор өкілдерінің жеңіл жазамен құтылуы және басқа даулар дүбірлетуде. Бұл туралы Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Саланы табан аудармай бес жыл басқарған Жақып Асановтың қол жеткізген жетістіктері, қапы қалған тұстары қандай?

Қызылорданың тумасы Жақып Қажманұлы Асанов 2017 жылғы 11 желтоқсанда Жоғарғы сот төрағасы болып тағайындалғанда, оған көп үміт артылды. Сол кездегі Президент Н.Назарбаев 2017 жылғы Жолдауында: "Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет" деп міндет қойды. Ол 2018 жылғы 5 қазандағы жаңа жолдауында да дәл осы міндетті қайталады: "Сот жүйесін жаңғыртуда соңғы жылдары көп жұмыс атқарылды, дегенмен басты міндет – соттарға деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету шешімін таппады".

Содан бері аттай 5 жыл ағындап өтті. 2022 жылғы 8 желтоқсанда Жоғарғы соттың жаңа төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдаған Президент Қ.Тоқаев азаматтардың судьяларға сенімін арттыру үшін сот жүйесін жетілдіруді тапсырды. Бұған қоса, Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу жоғары сот органының судьялары мен аппаратына Мерғалиевті таныстырғанда да "жаңа төраға халықтың соттарға деген сенімін одан әрі арттыруға бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім білдірді". Яғни, Жақып Асанов кезінде бұл міндет түпкілікті орындалмай, келесі басшыға мирасқа қалғанға ұқсайды.

Сала жемқорлықтан да құтыла алмады. Былтыр сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Президент Қ.Тоқаев сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп атады. Соңғы 5 жылдың ішінде коррупциялық факті үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Бірақ пара алғанымен, жемқор емес, алаяқ деп сотталған, яғни бұл статистикаға ілікпеген судьялар қаншама? Мысалы, Жоғарғы соттың судьясы Мейрам Жанғұттинов пара алу үстінде ұсталғанымен, биыл ол 5 жылға алаяқтық бабы бойынша сотталды. Оған ақша тапсырған Түркістан аудандық сотының судьясы Л.Тұрғымбаева, керісінше, "пара беру" бабымен 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Тоқаев 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясының парақорлығы үшін ұсталуын "қоғамды теңселтіп кеткен жағдай" деп атады.

Жалпы 5 жылда 475 судья жазаланыпты. Оның 20-сы сотталған. Егер жемқорлықты да жеңе алмаса, 5 жылда Жақып Асановтың командасы не тындырды?

Жақып Қажманұлының айтуынша, ол сот жүйесін қабылдап алғанда, соттар алапат жүктемеден езіліп жатыпты, олардың жалақысы төмен болған, мансап сатысында өсу үшін шарттар мен стимулдар болмаған.

Қазір ше? 2019 жылдан бері судьялардың жалақысы 2 есе өсті. Келесі жылы тағы күрт ұлғаюы мүмкін: 2023 жылдан бастап, соттарды қаржыландырудың жаңа моделі енгізіледі. Бүкіл мемлекеттік аппаратты ұстап тұруға жұмсалатын барлық шығыстың кем дегенде 6,5%-ы көлемінде соттарға арналған лимит бекітілді. 2023 жылы соттарға 80 миллиард 456,4 миллион теңгеге беріліп отыр. Осы ақшаны бөлумен және судьялардың еңбекақысы қаншаға көтерілетінін анықтаумен енді барлық деңгейдегі судьялардың делегаттары кеңейтілген пленарлық отырыста өздері шешеді.

Ж.Асанов судьяларды көп жүктемеден де арылтты.

"2018 жылы мен келгенде, соттар істердің тасқынының тұңғиығына батып жатты. Істер санының өсуі 20 жыл қатарынан жүрген. 2018 жылы шырқау шегіне жетті – соттар 4,5 млн істі қарады. Күніне 20 мың іс түсіп отырған. Күн сайын әрбір судья 11 үкім шығаруға мәжбүр болды. Елордада және Алматыда 50-ге дейін баратын. Мұндай конвейерде әділ сот төрелігі мен істің сапасы туралы әңгіме қозғау мүмкін емес еді. Соттардың дәліздері бал арасына ұқсаушы еді: дауласушылар, жауап берушілер, "жанкүйерлер" және коррупция үшін орасан зор өріс көсіліп жатты. Кейбір сот өкілдері лайлы суда балық аулауға жаман үйренді. Бұдан арылу үшін бірнеше бағытта қимылдадық. Біріншіден, заңды өзгертіп, талас-тартысы жоқ істерден соттарды босаттық. Оларды уәкілетті құрылымдарға табыстадық. Екіншіден, әкімдіктермен, кәсіпкерлер палатасымен, басқа құрылымдармен бірге бітістіру және медиация орталықтарын дамыттық", – деп түсініктеме берді Ж.Асанов.

Бүгінде 20 өңірде 87 бітістіру орталығы жұмыс істейді. Бұдан қазақстандықтар ұта қойды деп айту қиын. Мысалы, бірқатар қазақстандықтар әділет іздеп, сотқа жүгінгенде, оның талап арызды қабылдамайтынына, медиациямен бітістіруге жолдайтынына шағымданады. Ал қарсы жақ сотқа сүйремеген соң, бітімге келуге мойынсұнбайды. Бұдан бөлек, коллекторларға, жеке сот орындаушыларына және басқасына азаматтардың банктік карталарын, есепшоттарын бұғаттап тастау үшін соттың үкімі де қажет болмай қалды. Бұған қоса, бүгінде дәл осы қысым еш сотсыз, нотариус арқылы да жасалады. Салдарында елде әлеуметтік кернеу артты. 

Сонымен бірге жалақысы күрт өскен судьялар қарайтын істер күрт құлдырады: 2019 жылы саны 3,3 миллионға түссе, әрі қарай 2020 жылы 1,3 млн, ал былтырғы 2021 жылы 1,2 миллион іске дейін күрт құлдырады. Сондай-ақ судьялардың штаттық саны он жыл ішінде 2012 жылғы 2 114-тен былтыр 2 684-ке дейін ұлғайды.

Өздерін тәуелсіз сезінген судьялар құқық қорғау органдарының жетегінде кетуден аяқ тарта бастапты. Егер 2018 жылға дейін соттар істердің 5% бойынша ғана күдіктіні тұтқындауға санкция беруден бас тартса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 20%-ға жетіпті.

"Қазіргі кезде соттарға түсетін қылмыстық істер барған сайын азаюда. Құқық қорғау органдары істі тергеуді өздері тоқтата салады. Әйтпесе, соттар бәрібір ақтап шығатынын түсінеді", – деді Ж.Асанов.

Сонымен Жақып Асановтың 5 жылдық мандаты таусылды. Ал Асламбек Мерғалиев тұсында қандай тың өзгерістер жүзеге асуы мүмкін?

Жоғарғы сот қызықты идеяны жүзеге асыру жайын пысықтауда екен. Оған сәйкес, бүкіл Қазақстанға, барлық өңірге ортақ судьялар пайда болуы мүмкін. Бұл жоба "Болашақ соты" аталады. Мәнісі неде?

Қазақстан 2020 жылы пандемия басталғанда, сот істерін де онлайн жүргізуге қадам басты. Отандық сот жүйесінің ІТ-қуаты "сот процестеріне үйден не офистен шықпай-ақ қатысуға" мүмкіндік береді. Егер пандемияға дейін барлық талап арыздардың жартысына жуығы электронды түрде берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 94%-ға жетті. Дегенмен кеңес кезінен Қазақстанға көшкен сот жүйесінің көп кемшілігі болды. Соның бірі – жершілдік пен тамыр-таныстық.

"Ауыл-аймақта 2 мыңнан астам судья қызмет атқарады. Олар да жұрттың бір мүшесі. Жергілікті жерде оның ағайын, туыстары, дос-жарандары, нағашылары мен құда жағы, таныстары, көршілері болады. Олардың тамыр-таныстығын өзге тұрғындар да жақсы біледі. Содан соның бірі сотта жеңіске жетсе, жұртшылық: "Әрине, жеңеді, судья соның танысы, туысы ғой", - дейді. Бұл қоғамның сеніміне селкеу түсіреді. Сондықтан биылғы 2022 жылғы 1 тамыздан соттылықтың экстерриториалдылығы енгізілді. Мысалы, сіз Астанада талап арыз бердіңіз делік. Егер тараптар электронды сот төрелігін таңдаса, онда робот кездейсоқ таңдау арқылы ол істі мыңдаған судьяның кез келген біреуіне, мысалы, Оралдағы немесе Петропавлдағы судьяның қарауына табыстайды", – деп түсіндірді Жоғарғы сот.

Бұл тек басы ғана. Алда Азаматтық процестік кодекске өзгеріс енгізіп, бетпе-бет немесе электронды соттылықты, яғни сот процесінің форматын таңдауды талап арыз берушінің таңдауына бекіту жоспарланып отыр. Әзірге ол таңдағанымен, соған жауап беруші жақтың да рұқсаты талап етіледі.

Ең бастысы, істі қарау нақты бір өңірге байланбағандықтан, бұл Болашақ сотын ендіруге жол ашады. Жоғарғы соттың ұсынуынша, бұл Бірыңғай виртуалды сот болады: ол 1-ші инстанциядағы, 280 азаматтық және әкімшілік аудандық соттарда жұмыс істейтін бір мыңнан астам судьяны біріктірмек. Осы іріктелген білікті судьялар өз елді мекенінде, тіпті елдің қиыр шетінде отырып, Қазақстанның кез келген өңіріндегі істерді виртуалды қарап, үкім шығара алатын болады.

Егер Мерғалиевтің 5 жылдық мандаты тұсында еліміздің соты "виртуалды әлемге" көшсе, онда сот үкімдерінен "Алматы қаласының Бостандық аудандық сотының шешімімен" деген сияқты сөз тіркестері жойылып, тарихқа айналады. Болашақтың виртуалды сотында қай аудандық не қалалық соттың қарағаны емес, нақты қандай судьяның қарағаны басты орынға шығады.

Жоғарғы сот мамандарының байламынша, мұндай сот жемқорлық тәуекелдерді азайтады: виртуалды сот арқылы мол табыс табатын судья беделі мен даңқын дау-жанжалдан ада ұстауға тырысады. Оның үстіне келешекте судьяның кім болатыны жасанды зерде арқылы таңдалуы да мүмкін. Мұндай сотқа сот төрағалары, жергілікті және құзырлы билік органдары, бизнес элита ықпал ете алмайтын болады.

Мұның шындыққа айналатынын әлде жай идея түрінде қалатынын уақыт көрсетеді.

Жанат Ардақ