Қазақстанда алғаш рет талапкерлерге қажет ақпарат жиналған мобильді қосымша іске қосылады

Қазақстанда алғаш рет талапкерлерге қажет ақпарат жиналған мобильді қосымша іске қосылады
Cурет: Qazaqtv.com

Отандық әзірлеме жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне нағыз көмекші болмақ.

Қосымша жастарға еліміздің жоғары оқу орындары мен мемлекеттік және басқа да гранттық бағдарламалар туралы барлық ақпарды біліп, көріп отыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Сондай-ақ өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы толық мағлұмат алуға болады. Жоба ұйымдастырушылары оны алдағы бір-екі ай ішінде іске қосуды жоспарлап отыр.

"Мобильді қосымшаның ең негізгі фишкасы – Холланд тесті. Бұл тест адамның қандай да бір кәсіпке бейімділігін анықтауға арналған. Яғни сол арқылы талапкер өзіне жақын мамандықты таңдай алады. Тапсыру тегін", - дейді  Қазақстан студенттер Альянсы Төрағасының бірінші орынбасары Амина Дарибекова. 

Айта кету керек, жоба  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің гранты негізінде жүзеге асты.  Бұдан бөлек  53  тақырып бойынша мемлекеттік гранттар ұсынылды.  Олар  түрлі әлеуметтік салалардағы адам құқықтарын, балаларды қорғау, гендерлік теңдікті дамыту, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған орта, ұлттық бірлікті ілгерілету сияқты 15 бағытты қамтиды.

"Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы азаматтық белсенділікті жандандыруда көптеген шараларды қолға алып отыр. Гранттардың 30-ы отбасы саясатын дамытуға бағытталған. Шамамен 600 млндай теңге бөлініп отыр", - дейді Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Ғалым Құрман.