Қазақстанда ақылы жолдардан 8 млрд теңгеден астам қаражат түскен

Қазақстанда ақылы жолдардан 8 млрд теңгеден астам қаражат түскен
Сурет: Gov.kz

Түскен қаржы ақылы жолдарды күтіп ұстауға бағытталады.

Өткен жылы мемлекет бюджеті ақылы автожолдан түскен 8,1 млрд теңгемен толықты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандардың айтуынша, жалпы ұзындығы 682 шақырым болатын төрт ақылы жол: «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Нұр-Сұлтан – Щучинск», «Алматы – Қапшағай» және «Алматы – Қорғас» республикалық жол учаскелерінен 6,9 млрд теңге түскен.

Сонымен қатар, елімізде өткен жылдың 23 қарашасынан бастап тағы 7 ақылы учаске жұмыс істей бастады. Олар: «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Өзбекстан шекарасы», «Талдықорған – Қапшағай», «Көкшетау – Щучинск», «Нұр-Сұлтан – Павлодар» автожолдары. Бұл учаскелерде бір айдан сәл астам уақыт ішінде 1,2 млрд теңгені түсті.

«Жиналған қаражат ақылы жолдарды күтіп ұстауға және бағдарламалық-аппараттық кешенін қолдауға бағытталды», - делінген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында.