Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді

Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Сурет: Ашық дереккөз

Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкімет сайтына сілтеме жасап.

Отырыста жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды.

Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді. Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын.

Айта кетейік, Сирияның түрлі аймақтарында екі жойқын жер сілкінісі құрбандарының саны 2802-ге дейін өсті. Зардап шеккендердің саны – 5 035. Бұған дейін Қазақстан Үкіметі Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді.

Соңғы мәлімет бойынша, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты.