"Қол созым" жердегі жеңіс жеткізбеді

"Қол созым" жердегі  жеңіс жеткізбеді
Сурет: AFP

Словения - Қазақстан ойыны 2-1 есібімен аяқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Словенияның «Стожице» стадионында 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Словения құрамалары кездесті. Бұл екі құрама үшін де топтық кезеңдегі ең соңғы, әрі шешуші ойын еді. Еуро-2024 турниріне топтан тікелей шығу үшін Қазақстанға тек жеңіс қажет болса, ал Словенияға тең нәтиже де жеткілікті болатын. Сондықтан да екі команда жеңіс үшін барын салды. Айта кетер жайт, ел құрамасының белді ойыншылары Бахтиер Зайнутдинов, Асхат Тағыберген, Бағдат Қайыровтар жарақаттарына байланысты ойынға қатыса алмады. Кездесудегі есеп 40-минутта Қазақстан қақпасына белгіленген пенальтиден ашылды. Ойын төрешісі Марциняк Ян Вороговскидің айып алаңында Стояновичке жасаған әрекетін VAR жүйесінен қайталап көріп, тәртіп бұзу деп бағалады. Пенальти тепкен Беньямин Шешко мүлт кетпеді. Командалар тайм аралық үзіліске 1-0 есебімен тарқасты.

Екінші тайм Қазақстан жанкүйерлері үшін қуанышпен басталды. Үзілістен кейін жинақы ойнай білген ел құрамасы матчтың 48-минутында есепті теңестірді. Рамазан Оразов Самородовтың пасынан кейін Словения қақпасына гол соқты. Одан әрі ойын қарқыны қыза түсті. Ойынның 86-минутында қарымта шабуылды сәтті пайдаланып кеткен Словения құрамасы есепте алға шықты.  Гол соққан – Беньямин Вербич. Ойын 2-1 есебімен Словенияның жеңісімен аяқталды. Бұл жеңіліске қарамастан Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатына Ұлттар лигасы арқылы шығуға мүмкіндігі бар.