Қазақстан халқы дұрыс тамақтанбайтын елдер қатарында

Қазақстан халқы дұрыс тамақтанбайтын елдер қатарында
Сурет: Unicef.org

Қазақстандықтар тұзды тым көп, жеміс-жидекті өте аз тұтынады.

Үкімет отырысында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерін келтірген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулері бойынша, ер адамдар үшін алкогольді тұтыну деңгейі жылына 25 литрді, әйелдер үшін – шамамен 9 литрді құрайды. Өкінішке орай, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деңгейі жоғары елдерге жатады. Көп жағдайда жол-көлік оқиғалары, жарақаттар, зорлық-зомбылықтан болған өлім, улану, суға бату сияқты сыртқы себептерден болатын өлім-жітім көрсеткіштері алкогольдік ішімдіктерді тұтынудың салдары болып отыр», - деді Ажар Ғиният.

Сонымен қатар, ол қазақстандықтар арасында тұзды тағамды пайдалану деңгейі тым жоғары екеніне алаңдаушылық білдірді.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма бойынша халық тағам құрамында тәулігіне 5 грамм тұз тұтынуы қажет. Қазақстанда бұл көрсеткіш 18 грамм екенін атап өткім келеді. VI Ұлттық өмір салтын зерттеу деректері бойынша, көкөністер мен жемістерді тұтыну тәулігіне 200-230 грамды құрайды. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған норма бойынша, тәулігіне 400-500 грамды құрау керек. Қазақстан Орталық Азия мен Еуропаның дұрыс тамақтанбайтын 21 елінің арасында 9-шы орында тұр», - деді министр.