Картоптың бағасы қымбаттай ма?

Картоптың бағасы қымбаттай ма?
Сурет: Foodindustry.kz

Мамандар баға қымбаттамау үшін бар өнімді дұрыс сақтаудың да маңызы зор деген пікірде.

ҚР АШМ өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтанов картоптың бағасы қолжетімді болатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Қазір өңір әкімдіктері алдындағы кезек күттірмейтін іс - картоп өндірушілермен келісімшарт жасасып, картоп қорын жасақтау. Ол үшін министрлік тарапынан барлық жағдай жасалған, әр әкімдікке картоп өндірушілердің тізімін бердік. Бізде картоп өндіретін 4 аймақ бар, ол - Павлодар, Қарағанды, СҚО және Ақмола облыстары. Егер әкімдіктер картоп қорын қазірден бастап жасақтаса, тапшылық пен баға өсімі болмайды. Қордағы өнім келесі жылдың мамыр айына дейін жетсе, одан әрі көктемгі жаңа картоп науқаны басталады», - деді Азат Сұлтанов ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, отандық картоп өндірушілер баға тұрақтылығын сақтап, өнім тапшылығы болмауы үшін келісімшартқа отыруды ұсынып отыр.

«Әрине, маусымдық баға өсімі күтіледі. Бірақ баға қолжетімді болады. Біздің болжамымызға сәйкес, келер жылы маусым кезінде картоптың келісі 200-250 теңгені құраса, сәбіз бен қызылшаның бағасы 300 теңгеге дейін барып қалады деп жоспарланып отыр», - дейді ол.