Елімізде балалар үйлерінің саны біртіндеп азайып келеді

Елімізде балалар үйлерінің саны біртіндеп азайып келеді
Сурет: Ernur.kz

Былтыр елімізде екі балалар үйі жабылды

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова ведомствоның алқа отырысында елімізде балалар үйлерінің саны біртіндеп азайып келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Бибігүл Асылова еліміздегі балалар үйі тәрбиеленушілерінің 81 пайызы отбасында өмір сүру құқығын пайдаланғанын айтты.

«Балалар үйінің саны 30-ға дейін қысқарды, 2021 жылы тағы 2 балалар үйі, 1 қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығы, 1 балалар үйі жабылды. Бүгінгі таңда жетім балаларға арналған ұйымдарда 4 мыңға жуық бала тұрады. Біз екі бағытта – тәрбиеленушілерге жайлы жағдай жасауды қадағалау және балалардың отбасында тәрбиеленуін қамтамасыз ету бойынша жұмысымызды жалғастырамыз»,– деді ол.

Сонымен қатар Асылова былтыр балалардың құқығын қорғау саласында мемлекеттік бақылау жүргізілгенін жеткізді. Онда еліміздің 17 аймағынан 390 балалар мекемесі қамтылған.

«Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын өрескел бұзу фактілері анықталды. Балаларды отбасына орналастыру, баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру мерзіміндегі құқықбұзушылықтар көптеген өңірлерге тән. Тексеру қорытындысы бойынша аталған облыстардың қорғаншылық органдарының мамандары республикалық деректер банкін уақтылы және дұрыс жүргізбегені және басқа да заңбұзушылықтар үшін айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, Атырау қалалық қорғаншылық органының мамандары 8 баланың сауалнамасына уақтылы өзгерістер енгізбеген. Тексерілген облыстардың барлығында дерлік осындай заңбұзушылықтар бар», – дейді спикер.

Сондай-ақ, оның сөзінше, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Түркістан облыстарының білім басқармаларында балаларды асырау бойынша жәрдемақыларды мерзімінде төлемеу, сондай-ақ қамқоршыларға және патронаттық тәрбиешілерге ақшалай қаражатты толық көлемде төлемеу фактілері анықталған.

Бибігүл Асылова биыл осындай мекемелерге арналған бақылау парақтарын кеңейту жоспары бар екенін айтты. Мекемелерде азық-түлік стандарттарына, киім үлгісіне сәйкестігі қадағаланып, бейнебақылау камераларының орнатылуы тексеріледі.