«Қарасора-2022» іс-шарасы барысында 457 қылмыс әшкереленді

«Қарасора-2022» іс-шарасы барысында 457 қылмыс әшкереленді
Сурет: Gov.kz

Қазақстанда «Қарасора-2022» кең ауқымды жедел алдын алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.

Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Ақтоты Боранова мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«ІІМ операцияны жыл сайын 1 маусым мен 30 қазан аралығында марихуана мен гашиш дайындалатын қарасораның пісіп-жетілуіне байланысты өткізеді. Оның мақсаты – Қазақстан аумағындағы есірткі базасының өсімдік шикізаттарын жою, шетелден есірткі жеткізу арналарын анықтау, сонымен қатар құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіру және дайындау фактілерінің жолын кесу», - деді Ақтоты Боранова ведомствоның баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Оның атап өтуінше, операцияға Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның күш-құралдары, ІІМ арнаулы бөлімшесі және «Ғарыш сапары» АҚ, жол талғамайтын көліктер, тікұшақтар мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар жұмылдырылған.

«Маусым айының басынан бері 457 есірткі қылмысы, оның ішінде 235 есірткі сату, 52 ірі көлемде есірткі сақтау, 135 қарасора өсіру және 24 есірткі контрабандасы фактісі анықталды. Бір ұйымдасқан қылмыстық топтың көзі жойылып, жасырын 6 зертхананың жұмысына тосқауыл қойды. Заңсыз айналымнан 2 тоннаға жуық есірткі заты, оның ішінде 773 келі марихуана, 61 келі гашиш, 16 келі синтетикалық есірткі және 7 грамм героин тәркіленді. Сонымен қатар 190 мың түптен астам құрамында есірткі бар өсімдік табылып, жойылды», - деді ол.