«Қаракөлге» қарабай құсы келді

«Қаракөлге» қарабай құсы келді
сурет birds.kz алынды

Ақтаудағы «Қаракөл» жасанды су қоймасына жүзге жуық қарабай құсы ұшып келді.

Су айдыны маңындағы өндірістік алаңда жүрген қанаттыларды қала тұрғыны видеоға түсіріп, ғаламторда жариялаған. Қарабай құсы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Бұрын Арал теңізі мен Торғай су алаптарында, сондай-ақ Балқаш маңындағы қамысты жерлерге ұя салатын.

Қазіргі кезде тек Каспийдің солтүстік бөлігінде кездеседі. Қамысты шабу немесе өртеу, браконьердің іс-әрекетінен олардың саны күрт азайып барады. Осы орайда экологтар сирек кездесетін құстарға жақындауға, тағам қалдығымен жемдеуге болмайтынын көпшілікке ескертіп жатыр. 

- Егер де аң немесе құс түрі Қазақстанның қызыл кітабына енгізілген болса, оларға зәбір көрсету заңмен қудаланады. Бұл ретте кінәлі тұлға әкімшілік айыппұл төлеумен шектелмей, оған қатысты қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін. Ескекаяқты қанаттылар түріне жататын Қарабай - Маңғыстауға күзгі және көктемгі көші-қон кезінде ұшып келеді. Көшпелі құстардың күш жинап, сапарын әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік беруіміз қажет, - дейді эколог Кирилл Осин.